ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жуырда аудандық «AMANAT» партиясы филиалында партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.

Комиссия төрағасы Сапарбек Аманжолов жүргізген жиында денсаулық сақтау саласының жай-күйі мен халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар сараланды.

Аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруда медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасы ерекше маңызға ие. Осыған орай күн тәртібіндегі алғашқы мәселе аудандық аурухананың бүгінгі ахуалы мен алдағы даму жоспарларына арналды.

Мәселе бойынша аудандық аурухананың бас дәрігері Еркін Әбдіғалиев баяндама жасап, қазіргі уақытта емханаға қосымша ғимарат салу және Степной ауылында дәрігерлік амбулатория тұрғызу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, құрылыс нысандары белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда және қаржыландыру мәселесі толық шешілген.

Сонымен қатар, медицина саласындағы кадрлық әлеуеттің нығайып келе жатқаны атап өтілді. Биыл ауданға бірнеше жас маман келіп, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету ісіне өз үлестерін қосуда. Бұл өз кезегінде шалғай елді мекендердегі дәрігер тапшылығын азайтып, тұрғындардың қажеттілігіне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытындағы жұмыстарға арналды. Бұл жөнінде мансап орталығының басшысы Саясат Спан баяндама жасап, ағымдағы жылы аудан бойынша 1303 азаматты жұмыспен қамту жоспарланғанын айтты. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1 мамырдағы жағдай бойынша жоспардың 30 пайызы орындалған.

Отырыс барысында комиссия мүшелері көтерілген мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын уақытылы аяқтау, халықты тұрақты жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру бағытындағы міндеттерге баса назар аударылды.

Жиын қорытындысында көтерілген мәселелер жан-жақты сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды. Қоғамдық бақылау мен жүйелі талдау тетіктері арқылы аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстардың сапасын арттыру жөнінде тиісті қаулы қабылданды.

Жұлдыз КЕНЖЕ