«ТАРЫ FEST» – ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН МЕРЕКЕ

Ақтөбе қаласындағы «Астана» саябағында өткен «Тары Fest» гастрономиялық фестивалі ұлттық құндылықтарды ұлықтаған тағылымды шараға айналды.

«Ақтөбе – тарының астанасы» атауымен ұйымдастырылған ауқымды фестивальге біздің аудан делегациясы да белсене қатысып, өңіріміздің  мәдени және рухани мұрасын көпшілікке таныстырды.

Бұл шараға ауданымыздан кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері, мәдениет пен музей мамандары және өзге де сала өкілдері қатысты.

Делегация мүшелері ауданымыздың тарихы мен мәдениетін, ұлттық дәстүрлері мен жетістіктерін таныстырып, өңірдің рухани әлеуетін насихаттады.

Шара барысында аудандық музей қызметкерлері арнайы көрме ұйымдастырып, этнографиялық бағыттағы құнды жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынды. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрінен сыр шертетін бұйымдар келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды. Музей мамандары жәдігерлердің тарихы мен маңызы туралы кеңінен мәлімет беріп, ұлттық мұраның құндылығын насихаттады.

Фестиваль аясында тарыдан дайындалған ұлттық тағамдар көрмесі, қолөнер шеберлерінің туындылары, этноауылдар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қонақтар халқымыздың бай мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Ауқымды шара соңында ұлттық мәдениетті дамытуға және тарихи мұраны сақтауға қосқан үлесі үшін аудан ұжымы мен бірқатар қатысушылар марапатталды.

Атап айтқанда, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шапағат Аманжол, тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова, мәдениет үйінің әншісі Аслан Досболаев Ақтөбе қаласы әкімінің міндетін атқарушы Әсет Оралбаевтың Алғыс хаттарымен марапатталды.

Осылайша, ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Тары Fest» фестивалі ауданымыздың мәдени әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерФестиваль