ҚҰРБАН АЙТТАҒЫ ҚУАНЫШ ПЕН ІЗГІЛІК

Құрбан айт – мұсылман әлемінің рухани өмірінде айрықша орын алатын, ізгілік пен мейірімнің салтанат құрған ұлық мейрамы. Бұл күн адамдарды қайырымдылыққа, жанашырлыққа, бауырмалдыққа үндеп, қоғамдағы татулық пен өзара сыйластықтың нығаюына жол ашады. Сондықтан да ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті мерекенің орны әрдайым биік.

Елімізде Құрбан айт тәуелсіздік жылдарынан бері кең көлемде аталып өтсе, соңғы жылдары оның қоғамдық маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Халықтың рухани жаңғыруына серпін беретін бұл мереке әр шаңыраққа береке мен қуаныш сыйлап келеді.

Биылғы Құрбан айттың үшінші күні ауданымыздағы «Ас-Самиғ» мешітінде тағылымы мол, мазмұны бай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Игі бастаманың басты мақсаты – балалардың мерекелік көңіл күйін көтеріп, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу болды. Осы күні елуден астам бүлдіршінге арнайы сый-сияпат көрсетіліп, олардың жүздеріне шаттық ұялады.

Жиын барысында аудандық мешіттің бас имамы Нұрлан Қырықбаев жамағатты қасиетті мерекемен құттықтап, ұрпақ тәрбиесіндегі рухани мұраның маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол ұлттық дәстүр мен адамгершілік қағидаларын жас буынның бойына сіңіру – барша қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Мерекелік думан қызықты ойындар мен тартысты жарыстарға ұласты. Балаларға тәтті тағамдар мен түрлі тартулар үлестіріліп, көтеріңкі көңіл күй сыйланды. Әсіресе арқан тарту ойынына қатысқан бүлдіршіндер ерекше белсенділік танытып, достық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.

Сонымен қатар қатысушылар арасында қол күрес, гір көтеру және садақ атудан бәсекелер ұйымдастырылды. Ұлттық спорт түрлерін насихаттаған бұл сайыстар қатысушылардың күш-жігерін шыңдап қана қоймай, көрермендерге де ерекше әсер сыйлады. Алаңды думанға бөлеген шарада бірлік пен татулықтың, өзара қолдаудың жарқын көрінісі байқалды.

Ізгілік пен қуанышқа толы басқосуға қатысқан ата-аналар мен тұрғындар ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тілеген көпшілік келесі Құрбан айт мерекесіне де аман-есен жетуді нәсіп етсін деген ізгі ниетпен тарқасты.

Құрбан айт – тек құрбандық шалу рәсімімен шектелмейтін, адамдардың жүрегіне жылулық ұялатып, жақсылық жасауға жетелейтін ерекше мереке. Осындай тағылымды шаралар қоғамдағы ынтымақты бекемдеп, өскелең ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді дарыта түсетіні анық.

Тілек БЕГАЙДАРОВ

ТегтерМереке