Өз саласының нағыз маманы
Тынымсыз тірлік еткеннің мерейі қашанда үстем. Олай дейтініміз, білек пен маңдай тердің күшімен еңбек ету үлкен төзімділікті қажет етеді. Мұндай еңбек иелерінің тынымсыз еңбегі мен дала диқандарының қызметі көзге көріне бермеуі мүмкін. Алайда, еңбек еткеннің еңсесі де биік болатыны сонау заманнан келе жатқан жазылмаған қағида. Еңбегі «ер» атандырып, жұмысты ауыр-жеңіл деп бөліп қарамай, еңбек етіп жүрген қарапайым жандар қаншама?
Солардың бірі қарапайым еңбек адамы, механизатор, ауылымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген – Талғат Малдыбаев.
Осы орайда айта кететін болсақ, механизатор – алып техниканы қалауынша жүргізетін кәнігі маман. Сондай-ақ, механизатор – ауылды жерде ең басты мамандықтардың бірі саналады. Алқаптар мен фермалардағы техника уақытысында ретке келтіріп, жұмыс жасауы осы маманның қолында, оның жылдамдығы барлық ауыл шаруашылық жұмыстарына ықпал етеді.
Біздің кейіпкеріміз көктемде кең алқапқа дән сеуіп, дамылсыз күндерді далада өткізеді. Талғат Малдыбаев еңбек етіп жүргеніне 10 жыл. Қазіргі таңда Бадамша ауылындағы «Көктем» ШҚ-да механизатор болып еңбек етіп келеді.
-Әр мамандықтың өзіндік жауапкершілігі бар. Менің де қызметім табанды еңбекті талап етеді. Осы орайда мен де барлық көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетіп, оларды жөндеу, есепке алу және тексеру және де егіс алқаптарын өңдеу сынды қызметтерді атқарамын. Расында, бұл оңай жұмыс емес. Сол үшін де қызметіңе деген қызығушылық пен бойыңдағы еңбекқорлық қасиеттерің жоғары болуы керек,-дейді Талғат Габдильугапұлы.
Қарапайым ғана еңбегімен еленіп, елінің құрметі мен қошеметіне бөленген маман, ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні «Озат механизатор» атанып, аудан әкімінің арнайы дипломымен марапатталды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.