«Өркен» оқушылар театры үмітті ақтады

Елордада «Silk Way Creative Games» XIV Ұлттық Дельфий ойындары өтті. Астана қаласының әкімдігі мен Ұлттық Дельфий комитеті бірлесіп ұйымдас­тырған ауқымды шараға қоғам және мәдениет қайраткерлері мен Парламент депутаттары қатысты.

 

Аталмыш байқау биылғы 30 сәуір мен 5 қыркүйек аралығында Ұлттық Дельфий комитеті өңірлік іріктеу турларын өткізді. Оның қорытындысында әр облыстың үздіктері анықталып, өңірлік құрамалар жасақталды. Осы жылы Ұлттық Дельфий ойындары елімізде 14-рет өтіп жатыр. Сондай-ақ, биыл оған еліміздің барлық облысы мен республикалық маңызы бар қалалардан 500-ге тарта жас өнерпаз қатысқан.

Ойындар 10-15 және 16-25 жас аралығындағы өнерпаздар арасында 14 аталым бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, фортепиано, скрипка, академиялық ән айту, халық аспаптары, халық әні, халық биі, заманауи би, фотография, киім дизайны, көркем оқу, театр өнері, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, ым-­ишара тілінде ән айту. Көрнекті мәдениет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасының құрамында 50-ге тарта адам болған.

Осы орайда XIV Ұлттық Дельфий ойындарының Батыс аймақтық кезеңі мамыр айында Ақтөбе облысында өткен болатын. Сол кезде біздің  ауданымыздың оқушылары да қатысып, нәтижесінде «Театр өнері» бойынша үздік өнер көрсетіп, республикалық кезеңге жолдама алған болатын.

         Осылайша, ауданымыздың намысын қорғаған Қарғалы аудандық балалар өнер мектебінің оқушыларынан құралған «Өркен» театры Астана қаласында өнер көрсетіп, нәтижесінде XIV Ұлттық Дельфий ойындарының финалдық кезеңінде ІІ орынға ие болды. Оқушыларымызды байқауға дайындаған жетекшісі – Багдат Калаганов.

Ұлттық Дельфий ойындары  – мәдени шара ғана емес, әлеуметтік жоба.  Сондықтан да жобаның жастар үшін берері мол.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.