Өмірі өнеге болған кейуана

Қазақта «Ана – отбасының шамшырағы» деген сөз бар. Сол сөздің айқын көрінісі – 110 жасқа келген кейуананың ғұмыры. Жастайынан ашаршылықты, соғысты, тыл мен тың кезеңін бастан өткеріп, тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқан кейуананы аңыз адам деуге әбден болады.

Қиын кезеңде ерлермен бірге трактор тізгіндеп, ел шаруашылығына араласқан аналардың бірі – осы әжеміз. Жастайынан еңбекпен есейген ол зейнет жасына шықса да, үй шаруасын ұршықша үйіріп, құрақ көрпе құрап, келіндеріне кестелі кимешек тігіп, ұрпағын имандылыққа баулып отырды. Балаларына Құран үйретіп, 108 жасқа дейін алдына келген жастарға өзі қатарлас адамдардың өмір жолын айтып, ата-бабаларының еңбегін жеткізіп, ақ батасын беріп отырған. Келген қонақтарды құр қол қайтармай, сый-сияпат ұсынған.

Бүгінгі күні де ширақ әже – қолынан тасбиғы түспей, келгендерді шырамытып, батасын беруден жаңылған емес. Тірі шежіре болған кейуананың 110 жасында үлкен немересімен шамалас облыс әкімі Асхат Шахаров ағымдағы жылдың  маусым айында арнайы үйіне барып құттықтауы – жаратқанның сыйындай құрметтің белгісі.

Жәкібай Бисагалиева 1915 жылы 24 тамызда Ақтөбе облысы, сол кездегі Новоресей (қазіргі Хромтау) ауданының Қызылсу ауылында дүниеге келген. Әкесі Сидақа 1942 жылы майданға аттанып, 1943 жылы қаза табады. Анасы Масаты 13 құрсақ көтерген, бірақ көбісі шетінеп кеткен. Тірі қалған бес баласының ішіндегі ең үлкені Әсел 93 жасқа келіп дүниеден өтті. Кейіпкеріміз Жәкібай, одан кейінгі Хангерей (88 жасында), Қанипа (20 жыл бұрын дүние салған), ал ең кішісі – бүгінде елге танымал азамат Мұхамбет Седақин. Масаты ана бес баламен қалып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 1940 жылы 55 жасында дүниеден озды.

Кейуана 1939 жылы туған жерінде жолдасы Ғабит Бисенғалиевке тұрмысқа шығады. Адал жары 1941 жылы соғысқа аттанып, 1947 жылы бірінші топтағы мүгедек болып оралады. Екеуі ыстық пен суыққа төтеп беріп, 60 жыл бір шаңырақ астында өмір сүреді. Ғабит ағай 1993 жылы дүниеден өтті.

Соғыстың отты жылдарында кейіпкеріміз ерлермен қатар тракторға отырып, бес жыл еңбек етті. Кейіннен кітапханашы, таразышы, сауыншы болып, ауыл шаруашылығында түрлі жұмыстар атқарды.

Жәкібай анамыз – бір ұл, бір қыздың анасы. Ұлы Бисенғалиев Марат (1947ж.т.) ұшқыш болып қызмет етті. Қызы – Умиркулова Даража Қарағанды қаласында жоғары білімді милиция дайындау мектебінде мұғалім болып, ІІМ полковнигі, философия ғылымдарының кандидаты атанды. Өкінішке қарай, Даража мен жұбайы Максим Умиркулов 2005 жылы жол апатынан қаза болды.

Көпті көрген кейуана еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болды: «Адал еңбегі үшін» медалі, республикалық, облыстық, аудандық құрмет грамоталары мен алғыс хаттар. Ең қымбат марапаттың бірі – ғасырдан асқан жасында облыс әкімі арнайы келіп құттықтағаны.

Бүгінде ғасырдан асқан батыр ана Ақтөбе қаласында ұлы Марат, келіні Ұлзипа, немересі Даниярмен бірге тұрады. Үш немересі мен жеті шөбересінің қызығын көріп отырған әженің шаңырағы – шаттықтың базарына айналған.

Еңбекпен өрілген, ізгілікпен көмкерілген ұзақ ғұмыр – ұрпақ үшін баға жетпес байлық. Қарапайым ата-әжелеріміз елдің алғысына бөленіп, өнегелі сөзімен жастарға жол көрсетіп келеді. Солардың ішінде ғасырдан аса ғұмыр кешкен Жәкібай әженің өмір жолы келешек ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Олай болса, қазыналы қарттарымыз аман болып, келешек ұрпаққа жасын берсін демекпіз.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»

ТегтерКемел жас