ҚАРҒАЛЫНЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ – ТАЛЖІБЕК ИМАШЕВА

Ел жадында өшпес із қалдырған ардақты аналардың бірі – Талжібек Елеусізқызы Имашева. Ол Қарғалы топырағынан Ұлы Отан соғысына аттанған жалғыз қазақ қызы ретінде тарихта қалған тұлға.
1921 жылы Қарабұтақ ауданының №11 ауылында дүниеге келген батыр қыз жастайынан тағдырдың талай сынағына төтеп берді. Жауынгерлік жолды бастан өткеріп, елге аман оралған соң да ол қол қусырып отырмай, еңбекке белсене араласты. Өмірінің мәні мен мағынасына айналған асыл арманы – ұрпақ тәрбиесі еді. Қайсар ана алты бірдей перзентін өсіріп, елге адал қызмет етті.
Жолдасы Айдынбай да ауданның ішкі істер бөлімінде тер төгіп, ел тыныштығына үлес қосқан азамат болатын. 1972 жылы зейнетке шыққаннан кейін, ағайындарын іздеп, Қызылорда облысы Қазалы ауданына сапар шеккен сәтінде Сырдарияның асау толқынына арбалып, тағдырдың жазуымен қайғылы қазаға ұшырайды.
Жүрегін қасірет қақ айырған осы оқиғаға қарамастан, батыр ана тағдыр тауқыметіне мойымай, өр мінезін сақтап қалды. Ардақты жан өмірінің соңына дейін ел ішінде сыйлы болып, айналасына қайсарлықтың, төзімділіктің үлгісін көрсетті. Ол 1988 жылы өмірден өтті.
Оның есімі туған жер тарихына алтын әріппен жазылған. Сондай-ақ қайсарлығы мен ерлікке толы өмір жолы – бүгінгі және келер ұрпаққа сарқылмас тағылым, биік өнеге.
Осыған орай аудан орталығындағы мәдениет үйінде аудандық музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Мәңгілік тағзым етеміз» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Тағылымды жиынға ардақты жерлесіміздің ұрпақтары мен туыстары, арнайы шақырылған қонақтар және аудан тұрғындары қатысты. Шараның басты мақсаты – батыр қыздың ерлік жолын дәріптеу, жас ұрпаққа жеткізу, тарихқа құрметпен қарауды қалыптастыру, патриоттық сезімді нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғау болды.
Конференция барысында Талжібек Имашеваның өмірі мен майдандағы ерліктері, бейбіт кезеңдегі еңбегі кеңінен баяндалды. Сонымен бірге аудандық тарихи-өлкетану музейі мен кітапхана ұжымы арнайы көрме ұйымдастырды. Онда батырдың жеке заттары, фотосуреттері және соғысқа қатысқанын дәлелдейтін құнды құжаттар жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл тағылымды шара – ерлікті ұлықтау арқылы ел жадында мәңгілік із қалдырудың айқын көрінісі болды.
Шара барысында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің доценті Бекзат Аққонысұлы мен аудандық қорғаныс істері бөлімінің өкілі Мақсат Гибадуллин мазмұнды баяндамалар жасап, батыр ананың ерлігін кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Олар келешекте мектеп оқушылары мен студент жастарды тарта отырып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды және жерлесіміздің ерлігін ұрпақ санасына сіңіруді ұсынды.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинелгабдин Дербиспаев жерлесіміздің өмір жолы мен ерлігін еске алды.
Кешке арнайы қатысқан кейіпкеріміздің туыстары да жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Інісі Лескен Тұтаев, ұлдары Темірхан мен Сейілхан, қыздары Гүлсім мен Нұргүл, қайын сіңлісі Зауреш Мұхтарқызы мен күйеу баласы Әліхан Мұхтарұлы Талжібек апайдың қарапайымдылығы, еңбекқорлығы мен мейірімділігі жайлы сыр шертіп, жұртшылықты толқытты. Әрбір сөзден елге деген сүйіспеншілік пен ұрпаққа аманат болар өнеге айқын сезілді.
«Ерлікке тағзым – ұрпаққа аманат» демекші, бұл тағылымды іс-шарада батыр ана жайында көптеген тың деректер айтылып, қаршадай ғана қазақ қызының жауынгерлік жолы мен өр мінезі баяндалды. Өңірімізден шыққан осындай тарихи тұлғаның ерлігі – ел есінде мәңгі сақталуы тиіс құндылық. Ол – туған жерінің абыройы, болашақ ұрпаққа үлгі болатын өнегелі өмірдің символы.
Жиын соңында Қарғалыдан шыққан қайсар қыздың рухына ас беріліп, Құран бағышталды. Айта кетейік, жерлесіміз Талжібек Имашева 1943 жылы жаппай мобилизация кезінде Саратов қаласында қысқа мерзімді әскери дайындықтан өткен. Майдан даласында Житомир, Таллин, Киев, Ровно және Варшава қалаларын азат етуге қатысып, ерлік пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Батылдығы үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Ерлігін дәріптеу мақсатында 2010 жылы бұрынғы Степной көшесіне Талжібек Имашеваның есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылды.
Олай болса, жерлесіміздің есімі халық жадында мәңгілікке ерлік пен қайсарлықтың, сұрапыл соғыс жылдарында өзін аямай, жер бетіне бейбітшілік пен болашақ ұрпақ үшін күрескен, өңірімізден шыққан жалғыз қазақ қызы ретінде тарихта қалады.
Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі






