АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ – ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ

Жолдарың жастарға бағдар шамдай,
Жүргейсіздер өмірде шаршап-талмай.
Қоғамның айнасындай ардақтылар,
Өнегелі істерің өткеннің бағасындай.
Аман-есен жүріңіздер арамызда,
Ақылшы боп жастарға әрқашанда.
Көпті көрген қос ғасырдың куәлары,
Аяулы ата-әжелер, әдемі қартайыңдар!
(Автор)
Қай қоғамда болмасын, ардагерлер кеңесі қашанда қоғамдық өмірдің бел ортасында жүреді. Осы мереке қарсаңында біз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинелгабдин Дербиспаевпен сұхбаттасқан едік.
-Зинелгабдин Құспанұлы, ең алдымен мерекелеріңіз құтты болсын! Аудан ардагерлерінің тыныс-тіршілігі, қарттардың қоғамдағы белсенділігі, жалпы алғанда кеңестің ықпалы туралы айтып өтсеңіз.
– Рахмет! Біздің басты міндетіміз – жас ұрпаққа өнеге болып, елдің бірлігіне қызмет ету, қарттарға қамқорлық көрсету. Ауданда бүгінгі таңда 2256 зейнеткер болса, соның ішінде 113-і батыр анамыз. Ауылдық округтерде де ақсақалдар алқасы жұмыс істейді. Олар әкімдіктермен бірлесе қарияларды қолдап, жастарға білгенін үйретіп келеді. Қарттарымыз қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде аудан мәселелерін шешуге ықпал етіп отыр. Әжелерден құрылған «Ақпейіл», неміс ұлтының «Фрейде», украин ұлтының «Словаяночка» әжелер ансамбльдері көпке танымал. Бадамша ауылында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жұмыс істеп, қарияларға спортпен шұғылдануға, қолөнермен айналысуға, тіл үйренуге мүмкіндік беруде.
– Қарттарымыздың мәдени-рухани өмірге араласуы жөнінде не айтар едіңіз?
– Ардагерлер аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы, сондай-ақ, олардың арасында спортқа бейім жандар көп. Үлкендеріміз аудан көлемінде өтетін іс-шараларға жиі қатысып, жастарға өнеге көрсетіп жүр. Әкімдік, мәслихат, партиялар мен мекемелер қарттарды құрметтеп, мерекелерде үйлеріне барып құттықтауды дәстүрге айналдырған. Биыл ардагерлеріміз Батыр қызымыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына барып қайтты. Сондай-ақ аудандық музей ұйымдастырған сапарда қасиетті орындарға барып, табиғат аясында демалды. Ауыл күндері мерекесіне де белсенді қатысты. Мұның бәрі – ардагерлер кеңесі ұйымының белсенділігі мен өзара ауызбіршілік ықпалының айғағы.
– Ардагер аналардың қоғамдағы рөліне тоқталсаңыз.
– Ауданда аналар кеңесі жұмыс істейді. Олар отбасы, қыз-келіндер тәрбиесіне айрықша көңіл бөледі. Мектептерде қазақи тәрбие беріп, қыздарды ибалыққа баулып, қолөнерге үйретіп, үлгі-өнеге көрсетуде. Біз ардагерлер кеңесі ретінде зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, қоғам бірлігін нығайтуға, жас ұрпаққа өнеге көрсетуге бағытталған істерді жалғастырып келеміз. Ардагерлердің ұсыныс-пікірін ескеріп, билікке жеткізіп, мәдени іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға атсалысу – біздің басты парызымыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қазыналы қарттарымыз аман болып, ел үшін еңбектеріңіз елене берсін!
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»




