Оқушылар арасында дебат өтті

Республика күні қарсаңында Бадамша №2 мектебінде жоғары сынып оқушылары арасында «Мен елімнің азаматымын» тақырыбында дебат сайысы өтті. Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткен аталмыш шараға 8 топ қатысып, өз бақтарын сынады.

Бұл пікір-сайыстың мақсаты —  жастар мен жасөспірімдердің қоғамдық өмірге белсенді араластыру, әлеуметтік — рухани мәселелерді жүзеге асыруға ықпал ету, сондай-ақ, өскелең ұрпақты адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу. Сайысқа қатысушы барлық топ оқушылары сайыс тәртібі мен ережесіне сәйкес ұсынылған тақырып бойынша өз ойларын ортаға салып, еркін жеткізуге тырысты.

— Сайыс барысында байқағанымыздай-ақ қатысушы топтардың өзіндік ойын жүргізу әдісі қалыптасқан. Олар кез-келген тың тақырыптармен пікірталасқа түсе алады. Сонымен қатар, дебат барысында топтарға жартылай финал мен финалда түрлі мәселелерге байланысты тақырыптар ұсынылды.  Жалпы болашақ жастарымыз қандай, олар өздерінің білім деңгейімен елдің өркендеуі мен көркеюі үшін қандай үлес қосып жатыр деген ойға келетін болсақ, оның  алғашқы сатысы осы сайыстардан байқалады»,- деген өздерінің пікірлерін білдірді  «Оратор KZ» дебат клубының жетекшілері Сұңғат Отарбаев пен Гүлдана Брімжарова.

Айта кететін болсақ, пікірталас сайысында сөз шеберлігі, шешендігі, суырып салу, жаңа ой тастау сияқты іскерлік істер додаға түсу барысында қалыптасады. Жаһандану заманында қоғамдық сананы дамыту рухани жағынан жүзеге асады.

Осылайша, Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткізілген оқушылар арасындағы дебат сайысының финалдық ойынында 1 орынды –«Алаш Орда» фракциясынан Асел Канмамай мен Әділет Байғара, 2 орынды – «Алаш» фракциясынан Аружан Тұрақбай мен Нұрсәт Құмар, 3 орынды  «Шах и Мат» фракциясынан Әділмансұр Сисенбай мен Жандая Сағитжан, 4 орынды «Оян, қазақ» фракциясынан Алдамжар Баянов және Ардана Бурбаева иеленді. Сонымен қатар, Ардана Бурбаева мен Алдамжар Баянов «Үздік ойыншы» атанды. Жүлделі орын мен үздік деп танылған фракция мүшелері мен ойыншылары Жастар ресурстық орталығының атынан бағалы сыйлықтар мен кубоктарға ие болды.

Жастар – қашан да қоғамның белсенді бөлігі болып саналады. Жастарды тәрбиелеуде ата-ана тәрбиесі мен діни-рухани жол көрсетушіліктің маңызы зор. Қазақ елі сәлеміне қарай әдебін жасаған сыпайы халық, оған қоса  кішіпейілділікті кісіліктің төресі деп санаған халық. Ендеше, адамгершілік, әдептілік, ізеттілік сияқты асыл қасиеттерді бойымыздан алыстатпай, намыс, ар деген ұғымдарды жоғары бағалау – біздің басты ұстанымымыз болу керек.

Жұлдыз КЕНЖЕ.