Ел таныған ауылдың ұлы

Біздің ауыл еңбеккерлерінің еңбегін айшықтап көрсетудің астарында  жастарға ауылда да еңбекпен танылуға болады деген ой -түрткі жатыр.

         Күні ертең таңның атысы күннің батысы жылдың төрт мезгілінде тынымсыз еңбек ететін ауылшаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі келеді. Осындай атаулы күнде бізде ауыл адамдарының еңбектерін дәріптеп, үлгі етуді жылда жалғастырып келеміз. Жасыратыны жоқ, бүгінгі тынымсыз еңбектің бел ортасында жастардан гөрі аға буындар белсене еңбек етуде.

Біз сөз еткелі отырған Ащылысайлық Сергей Горобец 60 жасқа таяп қалған аға буын өкілі. Ащылысай ауылының тумасы. Анығырақ айтсақ, 1964 жылы 24 сәуірде Григорьев ауылында дүниеге келген.

1971-1981 жыл аралығында  Ащылысай орта мектебін тәмамдаған жылы,  Орал қаласының ауылшаруашылығы техникумына оқуға  түсіп, толық оқуды аяқтамастан,  1982 жылы әскери борышын өтеуге аттанады. 1984 жылы елге оралып,  еңбек жолын кезіндегі «Перодовик» ұжымшарында қарапайым механизаторлықтан бастап, еңбек етеді.

2000 жылдары Передовик ұжымшары Степной ЖШС-не біріккен тұста осы шаруашылықта  2014  жылға дейін  механизатор болып еңбек етіп, өзін қай қырынан да көрсете біледі. 2001 жылы еңбекпен есейген жастың еңбегі жоғары бағаланып, заманында талайларға арман болған темір тұлпар «Жигули» автокөлікпен марапатталады.

Күні бүгінге дейін ауыл техникаларын жанына серік еткен ауыл баласы Сергей 2015 жылдан бері вахталық жүйеде «Рассвет» шаруа қожалығында  еңбек етуде. Әке көрген ұлы Александр да осы аталмыш  шаруа қожалығында комбайншы, зайыбы Оксана  «Ақтөбеэнергоснаб»  ЖШС-де  агент-курьер  болып халықпен қызмет етеді. Сергей екеуі отбасында бір қыз, екі ұл өсіріп, бірлігі жарасып, еңбектің берекетін көріп отырған отбасылар қатарынан.

Бақыт ИМАШЕВ.