НАУРЫЗ ДУМАНЫ – БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕНІҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

Көктемнің шуағымен бірге жеткен Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз ауданымызда кең көлемде әрі ерекше сән-салтанатпен аталып өтті.

Табиғатпен бірге тіршілікті түлететін бұл мереке жұртшылықтың көңіліне шаттық сыйлап, ұлттық құндылықтарға деген құрметті айшықтай түсті.

Алаңға жиналған көпшілік бірлік пен татулықтың, ырыс пен берекенің белгісіне айналған Наурыз мейрамын көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды.

     

Мерекелік шара ұлттық нақыштағы шерумен басталып, әсем безендірілген орталық алаңға бет алған тұрғындар мен өнер ұжымдары думанның ажарын аша түсті. Одан соң шеру жалпыхалықтық «Қара жорға» биімен жалғасып, көрермендерге ерекше серпін сыйлады.

Ал «Ұшқын» халықтық жастар театры сахналаған «Ашамайға мінгізу» дәстүрлік көрінісі көпшілікке тағылымды әсер қалдырды.

Салтанатты жиында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел бірлігін бекемдеп, ынтымақты арттыра түсетін тағылымы мол екенін атап өтті. Сондай-ақ әр шаңыраққа амандық пен молшылық тілеп, игі лебізін жеткізді.

Мерекелік думан концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Сахна төрінде «Батыс-этно» фольклорлық ансамблі ұлттық өнерді заманауи үлгіде ұсынып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен қатар жергілікті өнерпаздар әсем ән шырқап, би ұжымдары көркем қойылымдарын тарту етті. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, ел тыныштығы мен жұрт амандығына тілектестік білдірді.

Наурыз мерекесі аясында орталық алаңда   киіз  үйлер  тігіліп, ақ дастархан жайылды. Тұрғындарға наурыз көже мен ұлттық тағамдар ұсынылып, халқымыздың бай салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды. Сонымен қатар үлкен-кіші арқан тартыс, асық ату, қазақ күресі сынды ұлттық ойындарда бақ сынасып, думанның көркін қыздырды.

Осылайша аудан орталығында өткен Наурыз тойы ұлттық болмысты жаңғыртып, көпшілікке шаттық сыйлаған тағылымы терең тағдырлы мерекеге айналды. Ынтымақ пен ізгілікті ұлықтаған бұл думан жұрт жадында жарқын әсер қалдырып, көктеммен бірге келген жаңарудың нышанын айқын сезіндірді.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерМереке