ДӘСТҮР ЖАҢҒЫРТҚАН “SUPER ӘЖЕ” САЙЫСЫ

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Әлімбет орта мектеп-балабақшасында ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымы терең “SUPER ӘЖЕ” байқауы өтті.
Мазмұнды шараға ауылдың ақ жаулықты 8 әжесі қатысып, өздерінің өнерін, тапқырлығын, өмірден түйген тәжірибесін көпшілікке әсерлі түрде таныта білді.
Байқау барысында қатысушылар алдымен өздерін жан-жақты таныстырып, кейін қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Сайыс кезеңдері тартымды әрі әсерлі сәттерге толы болды. Әсіресе жас сәбиді құндақтау тапсырмасында әжелер аналық мейірімділік пен шапшаңдықтың үйлесімін көрсете отырып, көрермендердің ықыласына бөленді. Бұл кезең байқаудың ең әсерлі тұстарының біріне айналды.
Сонымен қатар қатысушылар жастық шақтың әсем әндерін нақышына келтіре орындап, өткен күндердің жарқын естеліктерін жаңғыртты. Әрбір әже өз болмысымен ерекшеленіп, ұлттық тәрбиенің мәйегін дәріптей білді.
Сайыс қорытындысы бойынша қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды:
Нәтижесінде Сарбаева Рауза – «Ең байсалды әже», Канимкулова Зауре – «Ең дана әже», Саркулова Нұрсұлу – «Ең шапшаң әже», Байдрахманова Ақбалдақ – «Ең белсенді әже», Бисенбекова Ақылжан – «Ең көңілді әже», Гусманова Мадина – «Ең әдемі әже», Уксукбаева Кульнара – «Ең мейірімді әже», Уксукбаева Жансұлу – «Ең жас әже» атанды.
Тағылымы мол шараның жоғары деңгейде өтуіне мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Перизат Қалдыбаева мен Мария Шмид ұйытқы болып, мазмұнды ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіре білді.
Бақыт ИМАШЕВ






