ЖАС СПОРТШЫЛАР ШЕБЕРЛІК КӨРСЕТТІ

Аудандық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен Петропавл спорт кешенінде қыздар арасында волейболдан аймақтық жарыс өтті.

Жас спортшылардың басын қосқан тартысты додада командалар өзара бақ сынасып, көрермендерге әсерлі ойын сыйлады.

Спорттық сайыстың басты мақсаты – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, жас спортшылардың қабілетін шыңдау және командалық бірлікті нығайту.

Жарыс барысында қатысушылар тек техникалық дайындықтарын ғана емес, өзара ынтымақтастық пен ұйымшылдықтарын  көрсете білді.

Әр ойын тартысты өтіп, алаңда жылдамдық пен шеберлік, табандылық пен жігер айқын байқалды. Командалар қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетіп, жеңіске деген жігерлерін танытты.

Нәтижесінде «Ақтөбе» құрамасы үздік ойын өрнегін көрсетіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Ал «Баишев» командасы екінші орынға ие болса, «Алау» командасы үшінші орыннан көрінді.

«Жастар ресурстық орталығының маманы Ақтолқын Елемесқызының айтуынша, мұндай жарыстар жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы болып табылады.

– Өйткені, ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына және командалық рухты қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, өз қабілеттерін шыңдауына мүмкіндік береді,-дейді ол.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерСпорт