ҚЫСТАҚТАҒЫ ҚАМ-ҚАРЕКЕТ — ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Жасыратыны жоқ, біздің аудан Ақтөбе облысындағы қысы қатал өңірлердің қатарында. Жылдың алты айына жуық мерзімінде қыс толық күшіне еніп, боран мен аяз шаруалардың еңсесін басатыны белгілі. Осындай қытымыр кезеңде мал шаруашылығының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі.
Қыстақтағы ахуалды нақтылау мақсатында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысы Тимур Абдуллинмен хабарласып, мән-жайды білген едік.
2025–2026 жылдардағы ағымдағы қысқы кезеңде ауданның дала аймағында 15 қыстақ пайдаланылуда. Аталған қыстақтардың базасында 16 шаруашылық қызмет атқарып отыр. Оның ішінде 1- жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2 – жеке кәсіпкер және 13 – шаруа қожалығы бар.
Қазіргі таңда қыстатуға қойылған малдың жалпы саны 8 082 басты құрайды. Малдың түрлік құрамы төмендегідей: ірі қара мал – 3 988 бас, ұсақ мал (қой-ешкі) – 2 938 бас, жылқы -1 156 бас.
Қысқы кезең басталғанға дейін шаруашылықтар тарапынан 11 635 тонна шөп дайындалған. Қыстың алғашқы жартысындағы нақты шығынды ескере отырып, 2026 жылғы 9 қаңтардағы жағдай бойынша шөптің нақты қалдығы 6 516 тоннаны құрап отыр. Яғни, бүгінгі күнге дейін жалпы дайындалған азықтың шамамен 43 пайызы ғана пайдаланылған.
Ал азықпен қамтамасыз етілу деңгейі 103 пайызды құрайды. Бұл қыстау кезеңінің соңына дейін мал басының толық қамтамасыз етілетінін және дала аймағында көктемнің кешігуі немесе қолайсыз ауа райы жағдайлары орын алған жағдайда да сақтандыру қорының жеткілікті екенін көрсетеді.
Сондай-ақ, қыстақтар отын және сумен толық қамтылған. Жол қатынасы мен электр жарығы мәселесі тұрақты бақылауда. Азық шығыны бекітілген жоспарлы нормаларға сәйкес жүргізілуде. Жалпы алғанда, қыстақ науқаны қалыпты режимде өтіп жатыр, жағдай сала мамандары тарапынан үнемі назарда.
Қытымыр қыстың сынағына қарамастан, жүйелі дайындық пен жауапты ұйымдастырудың нәтижесінде мал қыстату жұмыстары бірқалыпты жүзеге асуда. Алдағы көктемде төл алу науқанына да шаруашылықтар қазірдің өзінде әзірлік жұмыстарын бастап кеткен.
Бақыт ИМАШЕВ





