БОРАНДА ДА МІНДЕТІНЕН ТАЙМАҒАНДАР

Төтенше жағдайлар қызметінің адам өмірін қорғаудағы орны айрықша. Үйде қамалып қалған баладан бастап, түрлі сипаттағы төтенше оқиғаларға тап болған жандарды аман алып қалуға дейінгі аралықта бұл қызметтің еңбегі өлшеусіз. Қызметкерлер күнделікті жұмыс барысында от пен судың ортасында жүріп, жол қауіпсіздігін басты назарда ұстайды. Өзгелердің амандығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген бұл мамандар – нағыз жанкешті жандар.

Осы орайда біз аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Аслан Каркуловпен тілдесіп, қысқы кезеңдегі жол қауіпсіздігі мен өрттің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімелескен едік.

Әңгіме арқауы жыл сайын келетін қыс мезгіліндегі жолдағы қарбаласқа ойысты.

— Біз – тыныштықты Тәңірден тілейтін төтенше жағдай қызметінің мамандарымыз. Аудан аумағындағы аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, — дейді бөлім бастығы.

Атап айтқанда, Бадамша–Ақтөбе бағытындағы 30 шақырым жолға, Бадамша–Ақтөбе–Хромтау бағытындағы 20 шақырым жол бөлігіне, сондай-ақ «Агрофирма Коквест» ЖШС-не қарасты жолдарға қызмет көрсетіледі. Республикалық маңызы бар автожолдың 8–57 шақырымына Ақтөбе қаласындағы ДЭУ-8 мекемесі жауапты болса, 57–136 шақырым аралығындағы жолды «ҚазАвтоЖол» ЖШС АФО «Қосестек» жол пайдалану мекемесі күтіп ұстайды.

Жол болған соң, жолаушы да бар, түрлі оқиғалар да кездеседі. Өткен жылдың желтоқсан айынан бері жолаушыларға ескерту жасалып қана қоймай, нақты көмек те көрсетілді. Аудан аумағындағы республикалық маңызы бар автожолда екі рет авариялық-құтқару жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 11 адам аман-есен құтқарылды.

2025 жылдың 15 желтоқсанында Өзбекстан Республикасының 11 азаматы екі автокөлікпен жолда қар құрсауында қалып, дер кезінде көмек көрсетілді. Жалпы, 2025 жылы 13 авариялық-құтқару және 4 іздестіру-құтқару жұмысы атқарылып, жол-көлік оқиғалары кезінде 15 адам ажалдан арашаланды. Алдағы жыл да елге тыныш, жұртқа амандық әкелсін деген тілек бар.

Сын сағатта сыналатын бұл салада бүгінде 23 қызметкер еңбек етеді. Бөлім қарамағында 6 қызметтік техника бар. Оның үшеуі — «Трэкол» маркалы өрт сөндіру көліктері. Сонымен қатар «Toyota Hilux» және «Нива» автокөліктері де бар. Аудан жолдары бойында 10 жылу пункті орналасқан, оның біреуі — жылжымалы. Өткен жылы барлығы 80 адам құтқарылып, олардың 12-сі кәмелетке толмаған балалар болған.

Төтенше жағдайлар қызметінің тағы бір маңызды бағыты — тұрғындарды өрт қауіпсіздігін сақтауға үйрету. Әсіресе жылу маусымы қарсаңында түсіндіру жұмыстарына ерекше мән беріледі. Бұл жұмыстар екі кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезең тамыз-қыркүйек айларының 15-іне дейін жүзеге асырылады. Осы уақыт аралығында әлеуметтік осал топқа жататын 354 адам тұратын 238 үй қамтылып, түсіндіру шаралары өткізіліп, жаднамалар таратылды әрі қажетті көмектер көрсетілді. Аталған жұмыстар жылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасын табады.

Бүгінгі таңда рейдтік іс-шаралар барысында 1563 адам тұратын 787 үй араланды. От жағылатын 40 үйге көмірқышқыл газы дабыл қондырғылары орнатылды. Жалпы алғанда, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қолдан келген барлық шара жүзеге асырылуда.

Әңгіме соңында төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға мынадай үндеу тастайды: «Сақтансаң — сақтармын» деген қағиданы ешқашан естен шығармаңыздар!

Бақыт ИМАШЕВ