ҚЫСҚА ҚАМДАНЫС ҚАЛАЙ?

Қыс – табиғаттың сыны ғана емес, коммуналдық жүйелердің де дайындығын сынайтын кезең. Айта кетерлігі, 2025 жылғы жылу маусымында бірқатар өзгерістер де бар.
Осы орайда біз Бадамша тұрғындарын жылу және сумен қамтамасыз етіп келе жатқан «Бадамша-Сервис» мекемесінің басшысы Санат Атеевпен сұхбаттасқан едік.
— Санат Тұрсынұлы, «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, биылғы қысқа дайындық барысын айтып өтсеңіз?
— Сұрағыңыз орынды. Әрине жылыту маусымының кезеңі де алыс емес. Осыған орай бірқатар жұмыстар жүргізілді. Олай болса жұмыс барысы жайында баяндап өтейін.
Ең алдымен жылу беру орындарына тоқталайын. Біздің мекемеде 3 жылумен қамту орны бар. Бадамшаның шет жағында орналасқан ғимаратта 5 қазандық, ал ауылдың ортасында тұрғындар «шағын қазандық» деп атап кеткен модельдік орында 2 қазандық жұмыс істейді. Сонымен қатар, Степной ауылында да 2 қазандық бар. Бүгінгі күні қазандықтардың іші тазаланып, толықтай жылу беруге дайын тұр. Жалпы мекемеде 59 адам еңбек етеді. Қолданыста 2 экскаватор, 1 МТЗ тракторы, 1 ассенизатор (қалдықтар тазарту машинасы) және түрлі қажеттілікке арналған 5 жеңіл көлік бар.
— Жалпы қанша тұрғынды жылу жүйесімен қамтып отырсыздар?
— Біздің жылу беру жүйесінің ұзындығы – 9,4 шақырым. Соның ішінде 852 абонент бар. Олардың қатарында 29 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік нысан, сондай-ақ Степной ауылында 1 мекеме мен 3 әлеуметтік нысан жылумен қамтылады. Қазіргі таңда кәсіпорын қысқы маусымға дайын. Алайда тұрғындардың құжаттарын уақытында өткізбей кешіктіретіндері бар. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.
— Қазір барлығы қаржыға тірелген кез. Еңбектің өтеуі – төлем. Ресми түрде айтқанда, коммуналдық төлем бойынша берешек мекемелер немесе жеке тұрғындар бар ма?
— Әрине, «бес саусақ бірдей емес». Мекемелер тарапынан берешек жоқ. Ал тұрғындар арасында қарыздар бар. Қазіргі таңда жылу үшін 920 167 теңге берешек болса, 234 000 теңге қарыз қалып отыр. Осы орайда тұрғындарға айтарым – жылуға берешектеріңізді дер кезінде төлеуге асығыңыздар. Өйткені алдағы уақытта баға өсу мүмкіндігінің бар екенін естеріңізге салғым келеді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Жалпы алғанда, жылу жүйесінің жұмысы әрбір үйдің орталық жүйеге тәуелді тынысын айқындайды. Жылу жүйесін уақытылы жөндеп, заманауи технологияларды енгізу арқылы тұрғындарды қыс қаһарына қалдырмай, сенім білдіріп отырған «Бадамша-Сервис» мекемесі тыңғылықты дайындалған сыңайлы.
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ




