ҚҰРЫЛЫС ПЕН АБАТТАНДЫРУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Ауданымызда елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтау, құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру, аумақтарды абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бұл бағыттағы міндеттерді жүзеге асыруда аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Жеңісбек Төреғалиевпен хабарласып, мән жайды білген едік.

Бөлім басшысының айтуынша, саланың негізгі қызметі – қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қала құрылысы саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру. Бөлім мамандары елді мекендерді дамытуға қатысты жоспарлау мәселелерін қарастырып, құрылыс нысандарын орналастыру кезінде белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың құрылыс, реконструкциялау, қайта жоспарлау және абаттандыру мәселелері бойынша өтініштері қаралып, өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Тұрғындар мен ұйымдарға құрылыс саласына қатысты мәселелер бойынша консультациялық түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі.

Биыл бөлімнің тапсырыс берушілігімен аудан орталығы Бадамша ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне блокты-модульдік қазандық салынды. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталып, тамыз айында толық аяқталды. Жаңа қазандықтың іске қосылуы аталған кешендегі бассейннің жұмысын жыл бойы қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұған дейін бассейн негізінен қыс мезгілінде ғана пайдаланылса, енді тиісті жылу жүйесінің іске қосылуына байланысты нысанды жылдың барлық мезгілінде пайдалануға жағдай жасалды.

Ал әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2026 жылдың соңына дейін бюджет қаражаты есебінен ауданымыз бойынша 51 пәтер сатып алу жоспарлануда. Оның ішінде Бадамша ауылынан – 16, Петропавл ауылынан – 8, Шәмші Қалдаяқов ауылынан – 10, Велихов ауылынан – 5, Ащылысай ауылынан – 4, Әлімбет ауылынан – 6 және Қосестек ауылынан – 2 пәтер сатып алу көзделген. Бұл тұрғын үйлер сатып алынғаннан кейін олар белгіленген кезек тәртібіне сәйкес «Отбасы банк» АҚ арқылы үлестірілетін болады.

Ауданымыздағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобалар бойынша да жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда бөлім тарапынан «Қарғалы ауданы Петропавл ауылының Қарғалы өзенінің маңында бөгет салу» және «Құндызды өзенінің арнасын өзгерту үшін канал салу» нысандарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аталған жобаларды іске асыру көктемгі су тасқыны кезеңінде өзен суларының елді мекен аумағына таралуының алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бөлімнің жұмысы құрылыс нысандарын салумен ғана шектелмейді. Елді мекендеріміздің сәулеттік келбетін сақтау, ғимараттар мен нысандардың абаттандыру талаптарына сәйкестігін бақылау да негізгі міндеттердің бірі.

Осы бағытта бірнеше жеке тұрғын үй иелері мен заңды тұлғаларға нысандардың сәулеттік келбетін сақтау және белгіленген талаптарды орындау жөнінде хабарламалар берілген. Ауылдық округ әкімдіктерімен бірлесіп, анықталған талап бұзушылықтар бойынша тиісті әкімшілік шаралар да қабылданды.

– Елді мекендердің тазалығы мен сыртқы келбетін сақтау – баршамызға ортақ міндет. Тұрғындардан өздеріне тиесілі аумақтарды таза ұстауға, құрылыс және абаттандыру талаптарын сақтауға, ғимараттардың сыртқы келбетіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Бұл жұмыстар ауылдарымыздың көркейіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруына тікелей әсер етеді, – дейді бөлім басшысы Жеңісбек Нұрланұлы.

Жалпы, ауданымызда сәулет, құрылыс және абаттандыру саласындағы жұмыстар елді мекендердің жоспарлы дамуына, әлеуметтік нысандардың тиімді пайдаланылуына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Ал белгіленген талаптардың сақталуы мен ортақ тәртіпке жауапкершілікпен қарау – осы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуының маңызды шарты.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА