ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ЖАҢА ТАЛАПТАРМЕН БАСТАЛАДЫ

2026-2027 оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бұл – білім беру ұйымдары үшін оқу процесін ұйымдастыруға қажетті жағдайларды пысықтап, қауіпсіздік пен сапа талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін жауапты кезең. Ауданымызда жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, мектептердің материалдық базасын жаңарту, оқушыларды қабылдау, білім мазмұнын жетілдіру және әлеуметтік қолдау бағыттарына басымдық берілді.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенованың айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық барысында ең алдымен білім беру үдерісіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оқушылар үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше мән берілуде.

Қазіргі таңда ауданымызда  12 жалпы білім беретін мектеп бар. Бүгінде барлық мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Айта кетейік, биыл  Сазды орта мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, білім ордасының жабдықтары жаңартылды.

 Алғашқы қадам – мектеп табалдырығынан

 Ауданымыздағы шағын мектептер үшін оқушылар контингентін сақтау – өзекті бағыттардың бірі. Осыған байланысты бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары да жіті бақылауда.

-Мектептер кішкентай бірінші сынып оқушыларын асыға күтуде. Бүгінгі таңда 1-сыныпқа 207 бала қабылданды. Қабылдау жұмыстары 31 тамызға дейін жалғасады. Балалардың мектепке бейімделуіне қолайлы орта қалыптастыру басты назарда, – дейді бөлім басшысы.

Болашақ бірінші сынып оқушыларының мектеп өміріне жеңіл бейімделуі мақсатында ауданның барлық білім беру ұйымдарында «Балақай мектебі» даярлық курстары ұйымдастырылды. Мұнда балалардың жаңа ортаға үйренуіне, мұғаліммен және өз қатарластарымен қарым-қатынас орнатуына жағдай жасалады.

 Білім мазмұнына жаңа бағыттар енгізіледі

 2026–2027 оқу жылында білім беру мазмұны да жаңа талаптармен толықтырылады. Білім берудің жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты жаңа Конституция ережелеріне сәйкестендірілді.

Конституция қағидаттары, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы және «Заң мен тәртіп» қағидаты білім беру мазмұнына жүйелі түрде енгізіледі.

Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 5–7-сыныптарға «Конституция негіздері», ал 8–11-сыныптарға «Құқық және тәртіп» атты жаңа курстар енгізілмек. Сонымен қатар 5–11-сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курсы оқытылып, білім алушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, сыни ойлау және дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталады. Жаңа талаптарға сәйкес оқушылардың жасанды интеллект пен цифрлық ресурстарды тиімді, қауіпсіз және жауапкершілікпен пайдалану құзыреттілігін дамытуға да басымдық берілуде.

 Оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылады

 Жаңа оқу жылында жаңартылған мазмұнға сәйкес 3, 4, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған оқулықтар енгізіледі. Оларды жаңарту жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

3 және 7-сыныптарға арналған жаңа оқулықтарды 30 тамызға дейін жеткізу көзделсе, 4 және 9-сыныптардың оқулықтарын ауыстыру 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін жүргізіледі. Ал 8-сыныптарға арналған жаңартылған басылымдар 2027 жылғы 1 сәуірге дейін енгізіледі.

Оқулықтарды сатып алу мақсатында баспалармен келісімшарттар жасалып, қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Әлеуметтік қолдау – ортақ міндет

Сондай-ақ, жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналардың да жауапкершілігі арта түседі. Баланы мектепке дайындап, қажетті оқу құралдарын әзірлеу – әр отбасы үшін маңызды міндет.

Бұл ретте әлеуметтік осал санаттағы балаларға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасылардың оқушылары, сонымен қатар мектеп айқындаған өзге де санаттар әлеуметтік көмекпен қамтылады. Биыл бір балаға төленетін әлеуметтік көмек көлемі 50 851 теңгені құрайды.

Оған қоса 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында да көмекке мұқтаж балаларға қолдау көрсетілуде.

Жаңа оқу жылына дайындық – білім бөлімі мен мектеп ұжымдарының ғана емес, ата-ана мен қоғамның да ортақ жауапкершілігін талап ететін маңызды жұмыс. Әрбір баланың мектепке алаңсыз келуі, сапалы білім алуы және өзін қауіпсіз ортада сезінуі – басты мақсат.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерБілім