КӨКТЕ ЖЕЛБІРЕГЕН КӨК ТУЫМ

1992 жылғы 4 маусым — ел тарихында мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі қалатын күн. Бұл күн егемен еліміздің тарихында өзіндік орны бар ерекше мереке. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады.  Осы орайда сейсенбі күні орталық саябақта Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты шара өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме-кәсіпорын басшылары, барша  ұжым қызметкерлері және де аудан тұрғындары қатысты.

Аталмыш шара велосипедшілер шеруінен басталып, мемлекеттік әнұран орындалып, тутұғырдағы көк байрағымыз көкке көтерілді.

Осылайша, халықтың өз еліне деген ниет-пейілін айғақтайтын рәміздеріміздің айбыны тағы бір мәрте асқақталып, одан соң шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Рәміздерді ұлықтауға арналған іс–шарада кішкентай бүлдіршіндеріміз қазақ биін мың бұрала билеп, патриоттық әндер шырқалды.

Мемлекеттік рәміздер — еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. 

         Сондықтан да, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті. Қазақ елінің тарихына жүгінсек ата-бабалар туын мақтана тік ұстап, ұрыс барысында жанын қиса да туды жерге құлатпаған. Міне осындай мемлекеттік нышанға деген құрметті үлгі ете отырып, жастарға насихаттау, отансүйгіштік сезімін жоғарылату баршамыздың отан алдындағы борышымыз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА