ҚОҒАМ ДЕРТІ — ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

Еліміздің барлық аймақтарында ағымдағы жылдың  25 қарашасы мен 10 желтоқсан аралығында  “Зорлық-зомбылықсыз 16 күн”  атты республикалық акцияның бастау алғаны баршамызға мәлім. Осы орайда өткен аптаның бейсенбісі күні аудандық аурухананың ғимаратында аталмыш акция аясында аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының  және аудандық  ауруханасының әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділік!» ұранымен дөңгелек үстел өтті.

                           Аудандық аурухана басшысының орынбасары Жазира Сексенбаева

         Нәзік жандыларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатындағы шараға аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшелері, ауданымыздағы іскер әйелдер қауымдастығы, «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, Аналар кеңесінің мүшелері мен полиция бөлімінің маманы және де көпбалалы аналар қатысты. Іс-шараның негізгі бағыты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын ала отырып, отбасылық құндылықты бағалау, отбасын жоспарлау болып табылады.

№2 Бадамша орта мектебінің психологы Жулдыз Ахметбекова

Отырысты аудандық аурухана басшысының орынбасары Жазира Сексенбаева ашып берді. Одан соң №2 Бадамша орта мектебінің психологы Жулдыз Ахметбекова сөз алып, отбасындағы зорлық-зомбылықтың балаға әсері жайында бейнеролик пен слайд көрсетіп, баяндама жасады. Және де қатысушылар арасында тренинг өткізді. Тринигтің мақсаты – отбасындағы баланың жағдайын түсіне білу, егер бала зорлық-зомбылыққа ұшыраған кезде қандай сезімде болатындығын психологиялық тренинг арқылы ұғындыру.

                                                       Акушер-гинеколог Саяжан Исаева

Сонымен қатар, акушер-гинеколог Саяжан Исаева «Отбасын жоспарлау» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында маңызды тақырыптар қозғалып, еркін пікір алмасумен қатар жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлсіз балалар, егде жастағы қарттар, ерекше жандар мен  әйелдер қауымы жиі ұшырайтындығы, ресми статистикалық мәліметтер бойынша аталмыш маңызы бар мәселеде әрбір үшінші отбасында кездесетіндігі мен тіркелген қылмыстардың да 30 пайызын құрайтындығы, оның басты себебі – қызғаныш, маскүнемдік, бұзақылық сынды жағдайлардан туындайтындығы жайында бейнероликтер көрсетілді. Қатысушы тарапынан қойылған сауалдарға мамандар жауып берді.

Іс-шара соңында отырыс қорытындыланып, қатысқан көпбалалы аналарға естелік сыйлықтар тарту етілді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.