ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСҚАН ҚАБЫЛДАУ

Өткен аптада өңірімізге арнайы жұмыс тобы іссапармен келіп, Бадамша мен Степной ауылдарында «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы өтті.

Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, түйткілді мәселелердің түйінін тарқату – елмен етене жұмыс істеудің басты тетігі. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үшін жауапты тұлғалармен бетпе-бет кездесіп, өз ұсыныс-пікірін ашық жеткізу – маңызды мүмкіндік.

  

Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхаммед Жұмабек, партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әсел Сарманова, аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов және бөлім басшылары мен жауапты сала өкілдері қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Жалпы қабылдауға шамамен 30 тұрғын қатысып, жол сапасын жақсарту, су ресурстарын тиімді пайдалану, жер мәселелері, электр желілерінің жай-күйі, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Бадамша ауылының тұрғындары Ақтөбе–Орск тасжолының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ Степной ауылының тұрғындары ауыл кіреберісіндегі көпір мен жолды жөндеу жұмыстары жайында сөз қозғады.

Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін арнайы ғимарат салу және соғыстан кейінгі жылдары бой көтерген мәдениет үйін жаңғырту қажеттілігі де айтылды.

Тұрғындар көтерген әрбір мәселе назарға алынып, «AMANAT» партиясының бақылауына қойылды. Оларды жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылмақ.

Айта кетейік, жыл басынан бері ауданымызда 34 мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, нәтижесінде жүзден астам тұрғынның мәселесі оң шешімін тапқан.

Халықтың үніне құлақ асып, нақты іске басымдық беру – ел сенімін арттыратын маңызды қадам. Өйткені тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әрбір бастама – өңірдің өркендеуіне қосылған үлес.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерКездесу