ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМГЕ ЖОЛ АШҚАН ЖОБА

Жуырда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының аудандық кезеңі ұйымдастырылып, жергілікті кәсіп иелерінің еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.
Ауыл – елдің алтын бесігі, ырыс пен берекенің бастауы. Бүгінде елді мекендердегі іскер азаматтарды қолдау, тұрғындардың табысын арттыру және отандық тауар өндірісін дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсаттағы «Бір ауыл – бір өнім» бастамасы тың идеяларға жол ашып, шағын кәсіптің дамуына серпін беріп келеді.
Аудандық кезеңге әр ауылдық округтен келген 7 қатысушы өз қолдарымен өндірген тауарларын таныстырды. Көрме сөрелеріне табиғи сүт тағамдары, жылыжайда өсірілген қызанақ, тәтті тағамдар, сәндік шамдар, гипстен құйылған қолөнер туындылары, ағаштан жасалған тұрмыстық бұйымдар, авторлық картиналар және құрылысқа арналған брусчатка қойылды. Келген жұрт ұсынылған дүниелермен танысып қана қоймай, өздеріне қажеттісін сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Шара аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалы мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі бірлесіп өткізді. Басқосуға Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Ержан Нұрғалиев, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Жолдас Қарағұлов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллин, өңірдегі іскер азаматтар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынның ашылуында сөз алған Жолдас Қарағұлов бұл бастаманың республика көлемінде нәтижелі жүзеге асып жатқанын айтып, оның шағын кәсіп иелеріне кәсібін кеңейтуге, жаңа бағыттарды игеруге және сапалы тауар шығаруға мүмкіндік беретінін жеткізе келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Арнайы комиссия мүшелері ұсынылған жұмыстарды саралап, үздіктерді анықтады. Нәтижесінде І орынды Степной ауылдық округінен кондитерлік өнімдерімен қатысқан Бақытгүл Төлеубаева жеңіп алды. ІІ орын Желтау ауылдық округінен сәндік шамдар дайындайтын Анастасия Королёваға, ал ІІІ орын Қосестек ауылдық округінен гипстен жасалған бұйымдарын таныстырған Индира Сибағатулинаға бұйырды.
Сондай-ақ арнайы аталымдар бойынша да жеңімпаздар марапатталды. «Құрылыс саласындағы үздік өнім» номинациясы брусчатка шығаратын Марат Есенғалиевке табысталды. «Үздік отбасылық бизнес» аталымы жылыжай шаруашылығын дөңгелетіп отырған Гүлнар Елеусізоваға берілді. «Үздік қолөнерші» атағы ағаш шебері Александр Томчукке бұйырды. «Үздік ұлттық өнім» аталымына табиғи сүт тағамдарын ұсынған Баянсұлу Әлмұханова, ал «Үздік авторлық арт-өнім» номинациясына ерекше картиналарымен көзге түскен Гүлназ Уксукбаева лайық деп танылды.
Іріктеу нәтижесінде үздік деп танылған бастамалар енді облыстық кезеңде аудан абыройын қорғайды.
Айта кету керек, бұл бастаманың негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының іскерлік әлеуетін арттыру, қолда бар шикізатты тиімді пайдалану, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрмыс сапасын жақсарту. Осындай алаңдар тәжірибе алмасуға, тың ойлармен бөлісуге әрі заманауи тәсілдерді меңгеруге жол ашады.
Ауылда жасалған әрбір дүние – маңдай тер мен табанды еңбектің нәтижесі. Сондықтан мұндай игі шаралар жергілікті экономиканың дамуына тың серпін беріп, елдің әл-ауқатының артуына нақты үлес қосады. Өркендеген ауыл – қуатты мемлекеттің тірегі.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА







