«Гүлдердің» бишілері жүлдемен оралды

Жуырда Ақтөбе қаласында республикалық көп жанрлы «Өнерлі БАЛА» атты байқау өтті. Аталмыш байқауға қатысқан аудандық мәдениет үйіне қарасты Жосалы ауылдық клубының жанынан құрылған «Гүлдер» би тобы жүлделі ІІ орынға ие болды.

«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, қазіргі таңда жеткіншектерді  өнерге баулып, олардың қызығушылықтарын арттыруда ауылдық клубтың  септігі орасан зор. Себебі, «Гүлдер» би тобының қатысушылары  6 жастан бастап,  осы ауылдық клубта  дайындалып, өнерлерін шыңдап  келеді.

Би тобының құрамында  11 биші бар. Би жетекшісі Гүлнур Туткушева. Айта кететін болсақ, Гүлнур қаладан көшіп келіп, қазіргі кезде ауылдық клубта қызмет жасап жатқанына 1 жыл болған.

Шағын ғана ауылдан шыңдалып, облыстық байқаудан нәтиже көрсетіп, жүлде алу бұл үлкен еңбекті талап етеді. Сондай-ақ, осындай сайыстар арқылы өнерпаздар өзгелермен тәжірибе алмасады. Қысқасын айтқанда, әртүрлі бағыттағы байқаулар қатысушылардың қанатын қатайтып, алға қадам басуына мүмкіндік жасайды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.