ЕРЛІК ПЕН ПАРАСАТТЫҢ БИІК ТҰЛҒАСЫ

Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған дана да дара тұлғалар аз емес. Солардың бірі – жазушы, ғалым, Кеңес Одағының Батыры, тау тұлғалы азамат Мәлік Ғабдуллин. Биыл даңқты перзенттің туғанына 110 жыл толып отыр.

Осыған орай өткен аптада аудандық балалар кітапханасында «Адалдық пен әділдікті ту еткен» атты тағылымды портрет-кеш өтті.

Іс-шараның мақсаты – ел ертеңі саналатын жас ұрпаққа Мәлік Ғабдуллиннің азаматтық келбетін, Отан соғысы жылдарындағы ерлік жолын, ғылым мен әдебиет саласындағы өлшеусіз еңбегін таныстырып, олардың санасына отансүйгіштік, адалдық және әділдік сияқты биік құндылықтарды сіңіру болды.

 

Кеш барысында қатысушыларға батырдың балалық шағынан бастап майдан даласындағы жанқиярлық ерлігіне дейінгі өмір жолы кеңінен баяндалды. Батыр қаламгердің «Менің майдандас достарым», «Фронт очерктері» секілді әдеби еңбектеріндегі шынайы оқиғалар арқылы оның адамдық болмысы мен ұлттық рухқа адал қызметі тағы бір мәрте айқын көрінді.

Шара аясында «Мәлік Ғабдуллин – ерлік пен парасаттың символы» атты көрме кітапхана сөрелерінен орын алып, батыр жайлы зерттеулер, естеліктер және оның қаламынан туған туындылар оқырман назарына ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар арасында викторина ұйымдастырылып, жастардың батыр өміріне деген қызығушылығын арттыра түсті. Шара соңында батырдың ерлік жолына арналған бейнеролик көрсетіліп, кешке жиналғандар рухани әсерге бөленді.

Мәлік Ғабдуллиннің халыққа сіңірген еңбегі – ұлт жүрегінде мәңгілік. Оның өнегелі өмірі, ғылым мен әдебиетке қосқан мол үлесі, ел үшін төккен тері бүгінгі және келешек ұрпақ үшін асыл қазына. Осындай тағылымды шаралар жастардың жүрегіне елдік рух пен ұлттық мақтаныш сезімін ұялатып, тарихқа құрметпен қарауға жетелейді.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерӘдеби кеш