ӘУЕН МЕН ШАБЫТ ТОҒЫСҚАН КЕШ

Өткен аптаның жұма күні аудандық мәдениет үйінде жастар шығармашылығын қолдауға бағытталған ерекше шара өтті.

Жастар бастамасымен құрылған «KAZART SHO» өнер тобы көрермендерге ерекше әсер сыйлаған «ӨнерLive» атты көңілді концерттік бағдарламасын ұсынды.

                              

Кеш барысында жас өнерпаздар 2000 жылдардағы кең танылған хит әндерді қайта жаңғыртып, сахнада шынайы сезіммен орындады. «Қара көз», «Қинамашы», «Жүрегімде сенсің», «Айым-ай» сынды жүрекке жақын әуендер зал ішін әуелетіп, тыңдарманды өткен шақтың жылы сәттеріне жетеледі. Сонымен қатар қазіргі заманға сай тренд әндер мен шоу бағыттағы қойылымдар да көрермен назарына паш етілді.

Жас хореографтар дайындаған заманауи билер мен халықтық ансамбльдің сахналық көріністері кештің сәнін келтіріп, өнердің сан қырлы бейнесін айқын көрсетті. Көрермендермен еркін форматта өткізілген көңілді ойындар да кештің ажарын аша түсті. Ән мен бидің үйлесімі, жастық жалын мен шабытты көңіл – залда ерекше атмосфера қалыптастырды.

Бағдарламаның соңында лотерея ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы  сыйлықтар табыс етілді. Көрермен ықыласына бөленген мерекелік кеш көңіл мен шабыттың ортақ алаңына айналып, жастардың өнерге деген сүйіспеншілігін айқын көрсетті.

Осылайша, бұл думанды кеш мазмұнды да мәнді өтіп, жас буынның өнерге құлшынысын арттырып, шығармашылық орта қалыптастыруға зор ықпал етеді. Жастардың жарқын идеясы мен өнерге деген махаббаты аудандағы мәдени өмірдің дамуына серпін беріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерӨнер