Екі күндік жәрдем

Ағымдағы жылдың 17 қырүйегінен бастап «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақтөбе облысына қарасты шалғай станциялар мен жақын жердегі ауылдардың тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсету үшін жолға шықты.

Осы орайда өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері келісілген кестеге  сай әлеуметтік пойыз біздің ауданға қарасты Кемпірсай стансасына аялдап, екі күн бойы қызмет көрсетті.

                               

Ертемен жиылған аудан тұрғындары, құзырлы мекеме басшылары ұзақ сапарда жүрген ақ халаттылармен басқа да сала  мамандарын қазақы дастархан басында қарсы алып, қонақжайлық танытты. Алғы кездесу рәсімін аудан әкімінің орынбасары Бахыт Айдосов бастап, алыстан ат артып келген мамандарға ризашылығын білдіріп, сәт сапар тіледі.

Одан соң «Саламатты Қазақстан» пойызының бас дәрігері  Айнұр Егінбаева сөз алып, ол пойыздағы көрсетілер көмек пен жәрдемге тоқталып, дәрігерлік кеңестің мән-жайын баяндады.

-Біздің мақсатымыз — ауыл адамдарына жергілікті жерде көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беру. Алдымен өтініш берген адам жан-жақты тексеріліп, қабылдауға жазылады. Купелерде қабылдағанымыз болмаса, медициналық пойызымыз кәдімгі емхана секілді. Әрі әр саланың білікті дәрігерлері қабылдап, бар жағдайларыңызға мән беріп, заманауи аппараттармен тексеріп, жолдама береді,-дей келе, ем-шипа, кеңесіміз себепші болсын деп сәттілік тіледі.

Одан әрі аудандық арухананың бас дәрігерінің орынбасары Жазира Сексенбаева келушілерге жетекшілік көрсете, әр медицина мамандары қабылдауды бастап кетті. Бұл жерде қай саланың мамандары қызмет көрсетті деген сауалға айтарымыз, денсаулыққа қатысты барлық сала мамандарымен қатар, заманауи ауылдықтардың қолы жетпей жүрген  аппараттарымен қызмет көрсетті.

Негізінен ауыл тұрғындары невропатолог, неонатолог,  педиатр, уролог, терапевт, қан айналымы, көз тағы басқа да  дәрігерлерге қаралып,  жүрек ультрадыбыстық аппараты, жалпы ауруларға қатысты түрлі аппараттарға түсіп, зерттеу және лабораториялық сараптама  қорытындыларын сол жерде беріп, бұл зерттеу-нәтижелерінің бір жылға жарамдылығы ескертіліп, түсіндірілді. Тісі ауырып, емхана кезіп, ақшалы емге жүгінетін тұрғындар, медициналық пойыз да тістерін тегін  жұлдырып, дәрігерлер көпшіліктің ризашылығына бөленіп жатты.

Бір сөзбен айтқанда, алдарына келгенді алаламай, тіпті ауданымызға қонаққа келген жандарды да қарап, жәрдемдерін беріп, ауырмаудың жолдарын да түсіндіріп, ақыл-кеңестерін беріп жатты. Сондай дәрігерлерден ем алғандардың бірі –Тасболат Ниғметов.

-Мен  66 жастағы  зейнеткермін. Осы Бадамша ауылында тұрамын. Әрине, өзге дәрігерлерді білмейді деуден аулақпын. Астанадан пойызбен арнайы дәрігер мамандар келеді дегенді естігеннен-ақ, асыға қуанып күткенім рас. Қалай  дегенде де  медицина саласы дамыған үлкен қаладан келіп отырған білікті мамандар ғой. Оның үстіне қажетті де түрлі аппараттары бар. Күткен еңбегіме сенімім ақталды. Көзімнің еміне байланысты окулист дәрігердің қабылдауында болдым. Жанарымды әбден қарап, диагнозын қойып, ем-домын жасап, қайда барып, қалай күтіну керектігін айтып түсіндірді. Ризашылықпен алғысымды айтамын,-деген лебізін білдірді.

Осындай дәрігерлерге деген өзінің қуанышты лебізін жолдағандардың бірі-Сақтаған Тулебаев.

-Жасым 80-ге таяп қалған Бадамша ауылының тұрғынымын. Бұл жәрдем медициналық пойызы ауылдықтарға таптырмас көмек болды. Қала асып сабылмай, жағдайымызды ауылдан-ақ біліп, бір жасап қалдық. Көптен артериялды қан қысымы мазалап, диспансерлік есепте тұрамын. Ауыл дәрігерлері қолдан келгенін аямайды. Десе де, елордамыздан келген білікті мамандардың мүмкіншілігі  мол ғой деп жүгінуге асықтық. Жүрек ультрадыбыстық зерттеулерден өтіп, кардиолгтан кеңес алып, көңілді   бірлеп қалдым. Осындай сәл мезгілде бәрін анықтап берген, ұзын жол бойында жүрген ақ халаттыларға мен ғана  емес, барша ауыл халқы дән риза. Жәрдемші мамандарға бастары аман, дендері сау, еңбектері жана берсін,-дейміз деген тілегін жаудырды.

Осы орайда ауыл тұрғындары жобаны  ұйымдастырған барша жауапты азаматтарға алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.

Екі күн бойы ауыл тұрғындарына жәрдем көрсетіп, ақыл-кеңес берген жылжымалы жәрдем пойыз мамандарына аудан мен ауданға қарасты елді мекендерден арнайы денсаулығына уақыт тауып келген 270-тей адам қаралды.

Осылайша, денсаулықтарына алаңдаған тұрғындар тегін қаралып, өздерінің зерттеу қорытындыларын алып, жәрдем пойызының мамандарына риза болысты. Сондай-ақ, біздің ауданнан аттанған жәрдемі  мол «Саламатты Қазақстан» пойызы Шалқар ауданына бет бұрды.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.