ЕГІС ДАЛАСЫНДА ҚАРБАЛАС БАСТАЛДЫ

Аудан экономикасының негізгі тірегі — ауыл шаруашылығы. Көктем — дала жұмыстары қызатын шақ. Қыс қамытынан шыққан шаруалар ерте қамданып, жоспарлы дайындыққа кіріскен. Осы орайда көктемгі егіс науқанының барысы, техника дайындығы мен мал қыстату жағдайы жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллинмен сұхбаттасқан едік.

— Биылғы көктемгі егіс жұмыстары қандай көлемде жүргізіледі?

— Биыл аудан бойынша егіс алқаптарының болжамды көлемі — 155,8 мың гектар. Оның ішінде 112,1 мың гектарға дәнді дақылдар, 26,1 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 15,8 мың гектарға майлы дақылдар, 1,8 мың гектарға көкөніс дақылдары орналастырылады. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

— Күзгі дақылдардың жағдайы қалай?

— Күзгі дақылдар бастапқыда 2 мың гектарға жоспарланған болатын. Алайда шаруашылықтардың белсенділігінің арқасында бүгінде бұл көрсеткіш 4,6 мың гектарға жетіп, жоспар 230 пайызға орындалды. Бұл бағытта «Степное» ЖШС нәтижелі жұмыс атқаруда.

— Техника мен тұқым қоры жеткілікті ме?

— Көктемгі жұмыстарға 416 трактор, 36 жоғары өнімді егіс кешені және 267 тұқым сепкіш жұмылдырылады. Қазіргі таңда техникалардың орташа дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Қалғандары жөндеу жұмыстарынан өтуде. Тұқым қоры толық жеткілікті.

— Жанар-жағармай мәселесі қалай шешілуде?

— Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 121 шаруа қожалығы арзандатылған дизель отынына өтінім берді. Жалпы қажеттілік көлемі — 3685,5 тонна. Оның ішінде көктемгі жұмыстарға 1937 тонна, күзгі жұмыстарға 1748,5 тонна қарастырылған. Биыл жеткізуші оператор болып «АЗС-Лидер» ЖШС белгіленді. Бағасы нефтебазадан — 275 теңге, қаладағы бекеттерде — 280 теңге, аудандық жанармай құю станцияларында 281 теңге болып отыр.

— Қыстақтағы мал қыстату науқаны қалай өтті?

— 2025–2026 жылдың қысқы кезеңінде дала аймағындағы 15 қыстақ пайдаланылып, 16 шаруашылық жұмыс істеді. Онда 8 мыңнан астам мал қыстап шықты. Оның ішінде 3988 ірі қара, 2938 қой-ешкі, 1156 жылқы бар.

— Мал азығы жеткілікті ме?

— Қыс басталғанға дейін 11 535 тонна шөп дайындалды. Наурыз айының ортасындағы есеп бойынша 3497 тонна шөп қоры сақталды. Мал азығымен қамтамасыз ету деңгейі 103 пайызға жетті. Бұл қыстау кезеңін толық аяқтауға және көктемнің кешігуі секілді тәуекелдерге жеткілікті қор бар екенін көрсетеді.

— Жалпы көктемгі науқанға бағаңыз қандай?

— Жалпы жағдай тұрақты. Егіс жұмыстарына қажетті тұқым, техника, жанар-жағармай толық қамтылған. Қыстау кезеңі де штаттық режимде өтіп, мал азығы жеткілікті деңгейде сақталды. Сондықтан көктемгі науқанды сапалы әрі уақытылы өткізуге барлық мүмкіндік бар.

  Сұқбаттасқан Бақыт ИМАШЕВ

Тегтернауқан