КЕМПІРСАЙДА ӨЗЕН ЖАҒАЛАУЛАРЫ  ТАЗАРТЫЛДЫ

Өткен сенбі күні Кемпірсай ауылдық округінде «Таза жағалаулар» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, өзен маңындағы аумақтар толықтай тазартылды.

Ауданымызда тазалық акциясы аясында елді мекендердің көркін келтіру, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Осы игі бастаманың жалғасы ретінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде өткен шараға аудан әкімдігіне қарасты мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, білім беру саласының өкілдері, ауылдық округ әкімдігі аппараты, мәдениет үйі мен медициналық пункт мамандары және ауыл тұрғындары белсенді қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті. Ұжымдық еңбектің нәтижесінде ауыл іргесіндегі өзен жағалаулары тұрмыстық қалдықтардан арылып, табиғи орта ретке келтірілді.

              

Сенбілік барысында Жосалы ауылына қарасты «Кемпірсай» бөгетінің аумағы мен ауыл маңындағы сарқырамада жиналған қоқыстар шығарылып, айналаға тазалық жұмыстары жасалды. Бұл іс-шара тек тазалықпен шектелмей, тұрғындардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастыруға бағытталған маңызды экологиялық бастамаға айналды.

Кемпірсай ауылдық округінің әкімі Нұралы Жамеков атқарылған жұмыстардың маңыздылығына ерекше тоқталды:

— Тазалық — ауылдың келбетін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып жатқан екі айлық санитарлық жұмыстар барысында елді мекен аумағын жүйелі түрде тазарту, қоғамдық орындарды ретке келтіру, табиғи аймақтарды қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайдағы «Таза жағалаулар» акциясы да соның нақты дәлелі. Бұл іске аудан мекемелері мен ауыл тұрғындарының белсенді қатысуы ортақ жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетеді. Алдағы уақытта мұндай игі шаралар жалғасын таба береді. Өйткені табиғатты қорғау — баршамызға ортақ міндет, — дейді округ әкімі.

Шараға қатысқан «AMANAT» партиясы Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова да тұрғындардың белсенділігіне жоғары баға берді:

— Экологиялық акция жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әсіресе ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы мен белсенділігі қуантады. Өзен жағалауы — халық жиі демалатын орындардың бірі. Сондықтан мұндай аумақтарды таза ұстау — баршаға ортақ міндет. Бірлесе атқарылған жұмыстар ауылдың көркеюіне үлкен үлес қосатыны анық. Сонымен қатар ұйымдастырушылар тарапынан жағалауға киіз үй тігіліп, қатысушыларға ыстық тағам ұсынылуы ерекше ықыластың белгісі болды. Бұл — ел бірлігінің жарқын көрінісі. Тазалық әр азаматтың өзінен басталады деп есептеймін,— деді ол.

Айта кету керек, аудан көлемінде жүргізіліп жатқан екі айлық санитарлық тазалық жұмыстары аясында елді мекен аумақтарын тазарту, ағаш отырғызу, көгалдандыру және абаттандыру шаралары жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бастамалар ауылдардың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға да оң әсерін тигізуде.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерСенбілік