ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ: ӨЗ-ӨЗІҢІЗДІ ЕМДЕМЕҢІЗ

Күз бен қыс маусымы басталысымен тұмау, ЖРВИ және тыныс жолдары инфекциялары жиілеп, көптеген адамдар алғашқы белгілерден-ақ антибиотикке жүгінуге асығады. Алайда мамандар бұл әрекеттің қауіпті екенін ескертіп келеді.

Фармацевтердің мәліметінше, елімізде антибактериалды препараттардың шамамен 35 пайызы дәрігердің нұсқамасынсыз сатып алынады. Мұның соңы қандай мәселелерге әкелуі мүмкін? Антибиотиктерді дұрыс қолдану неге маңызды? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында біз аудандық Салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің дәрігері Серік Мұхтасаровпен сұхбаттасқан едік.

– Антибиотиктер вирустық инфекция кезінде көмектесе ме?

– Жоқ. Антибиотиктер тек бактерияларға әсер етеді. Вирустардың құрылымы мүлде бөлек, сондықтан антибактериалды препараттар оларға әсер етпейді. Тұмау, ЖРВИ сияқты вирустық ауру кезінде антибиотик қабылдау пайдасыз ғана емес, асқынуға да әкелуі мүмкін.

         – Вирустық инфекцияны бактериялық инфекциядан қалай ажыратады?

– Мұны өз бетіңізше анықтау қиын. Дәл диагноз қою дәрігердің құзырында. Маман науқастың жалпы жағдайын, белгілерін, зертханалық талдаулар нәтижелерін ескеріп барып шешім шығарады.

– Жағдай жақсарған кезде антибиотикті тоқтатуға бола ма?

– Әрине, болмайды. Белгіленген мөлшер мен қабылдау ұзақтығын толық сақтау маңызды. Дәріні ерте тоқтату ағзада ең төзімді бактериялардың сақталуына әкеліп, кейін аурудың қайта өршуіне немесе ауыр асқынуларға себеп болуы мүмкін.

         – Қандай жағдайда антибиотик қабылдауға болмайды?

– Дәрігер тағайындамаған кез келген жағдайда. Әсіресе жүктілік, бала емізу, қарттық, сәбилер кезеңінде және созылмалы аурулары бар адамдарға антибиотикті өз бетінше қолдану өте қауіпті. Кез келген препаратты тек маман кеңесімен қабылдаған жөн.

– Антибиотиктердің жанама әсерлері жиі кездесе ме?

– Сирек. Статистика бойынша шамамен 1 пайыз жағдайда жанама әсер байқалады. Көп жағдайда жеңіл аллергиялық реакциялар болады. Дегенмен кейбір антибиотиктер бауыр мен бүйрекке зиян келтіруі, есту жүйесіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан өзін-өзі емдеуге жол беруге болмайды.

– Қорытынды ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – антибиотикті дәрігердің нұсқауынсыз қабылдамау. Өздігінен емделу бактериялардың резистенттілігін арттырып, болашақта дәрілер әсер етпейтін қауіпті инфекциялардың дамуына әкелуі ықтимал. Әр адам жауапкершілік танытып, антибиотикті тек нақты қажеттілік болғанда ғана қолдануы керек.

Дәрігердің пікіріне сүйенсек, антибиотик – кез келген аурудың емі емес. Оның дұрыс қолданылуы ғана нәтижелі әрі қауіпсіз болмақ. Сондықтан маман кеңесіне жүгініп, жауапкершілікпен әрекет ету – денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы. Денсаулық – өз қолымызда екенін ұмытпайық.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерСұхбат