ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Аманқұлов, кеңес мүшелері және жауапты бөлім басшылары қатысты.
Отырысты кеңес төрағасы Жаңылсын Ысмағұлова ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Кестеге сәйкес алғашқы мәселе — тұрғын үй құрылысы тұрғын үй алу мен оны бөлу барысы, сондай-ақ тұрғын үй қорын күтіп ұстау жайы қаралды.
Аталған тақырып бойынша аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлім басшысының міндетін атқарушы Қамажай Аумешева баяндама жасады. Оның айтуынша, аудан көлемінде әлеуметтік осал топтар үшін 32 тұрғын үй сатып алуға 609 607,0 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Үйлердің 22-сі Бадамша ауылында, 4-уі Петропавл, қалған 6-уы Шәмші Қалдаяқов ауылында орналасады. Тұрғын үйлерді сатып алу бойынша конкурс жарияланғаны да атап өтілді.
Сондай-ақ осы бағытта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Қайсар Жолдыбаев қосымша ақпарат берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе — аудан орталығының сәулеттік келбетіне қатысты болды. Бадамша ауылдық округі әкімінің орынбасары Роза Сибағатова атқарылған жұмыстарға тоқталып, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын баяндады. Ол ауылды абаттандыру, жарықтандыру, көшелерді жөндеу, көпқабатты тұрғын үйлердің сырлануы мен жертөледегі түйткілдердің реттелуі жөнінде мәлімет ұсынды. Сонымен қатар, көпқабатты үйлерді модернизациялау бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесінде тұрғындармен келіссөздер жалғасып жатқанын жеткізді.
Отырыс барысында баяндамашылар кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, түсіндірме жасады.
Жиын соңында кеңес мүшелері көтерілген мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қорытынды сөз алған кеңес төрағасы қаулы қабылдап, айтылған ұсыныстардың алдағы уақытта назарға алынатынын атап өтті.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА






