Болашағымыздың стратегиялық бағдары

Жиынға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы, Мәжіліс депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар мен ғылыми зерттеу институттарының сарап­шы­лары, жоғары оқу орында­рының басшылары, сондай-ақ академияның профессорлық-оқы­тушылық құрамы мен қызмет­керлері қатысты. Олар ашық диалог алаңында ойларын ортаға салып, жаңа нормаларды түсіндіріп, өзара пікір алмасты.

«Конституциялық деңгейде адам капиталын, білім мен ғы­лым, инновация мен мәдениетті дамыту басымдығы бекітілуі мемлекеттік саясаттың өзегінде адам және оның әлеуеті тұрғанын айқын көрсетеді. Мемлекеттік аппараттың басты міндеті де осы қағидаттан туындайды. Бүгін­де агент­тік Парламентке «Мемле­кеттік қызмет туралы» заңның жаңа жобасын енгізді. Заң жобасының философиясы «Мемлекет – адам үшін» қағидатына негізделген. Біз мемлекеттік қызметтің сервис­тік әрі клиентке бағдарланған мәдение­тін қалыптастырып жатырмыз. Негізгі мақсат – мемлекет­тік қызметтерді жедел әрі қол­же­тімді ету, бюрократиялық кедергі­лерді барынша азайту, сыбайлас жем­­­қорлықтың туындауына негіз болатын алғышарттарды жою. Жаңа Конституция жобасын қолдай отырып, біз әділ әрі тиімді Қазақстанның жаңа архи­­тек­­турасын қалыптастыруға бағыт­­тал­­ған ортақ қадам жасаймыз», деді Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің төрағасы Дархан Жазықбай.

Жиында Мәжіліс депутаты, Конс­титуциялық реформа жө­нін­дегі комиссия мүшесі Ма­рат Бә­ші­мов жаңа Ата заң жоба­сын­дағы нор­малар формальды өзге­ріс емес, мазмұндық тұрғыдан аза­­­­маттың мүд­десін қорғауға ба­ғы­т­­­­талған жүйе­лі қадам екенін жеткізді.

«Жаңа Конституциядағы ен­гізілген нормалардың барлығы адам құқығы стандарттары­на толық сәйкес келеді. Мен ұсын­ған бастамалардың бірі – жеке және персоналдық құқық­ты конституциялық деңгей­де нақтылап, олардың жауап­кер­шілік тетіктерін күшейту. Бүгінде жеке деректерді қор­ғау, азаматтың жеке өміріне қол сұқ­пау секілді мәселелер ерек­ше маңызға ие. Сондықтан мұн­дай құқықтарды жоғары дең­гей­де бекіту – уақыт талабы. Ең­бек құқықтарына келсек, қолданыстағы нормада «еңбек бостандығы» ұғымы қолданыл­ған. Ал жаңа жобадағы «еңбек ету құ­қы­ғы» дегеніміз – азаматтың жұ­мыс істеу еркіндігі ғана емес, соны­мен қатар жұмысқа орна­ла­су мүмкіндігі, әлеуметтік кепіл­діктер, әділ жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайы секілді кешенді қорға­луы деген сөз. Егер бұл қағи­да конс­ти­туциялық деңгейде бекі­тілсе, онда Еңбек кодексі мен өзге де әлеуметтік заңнамалар соған сәйкес келті­рілуге тиіс. Нәтиже­сінде, еңбек қаты­настарына деген көзқарас та, құқық­тық мәдениет те өзгереді», деді ол.

Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – оның шын мәнінде халықтың қатысуы­мен әзірленуі. Президент жанын­дағы Мемлекеттік басқару ака­де­миясының профессоры Зұлфұ­хар Ғайыповтың айтуын­ша, конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысы­ның ашық форматта, тікелей эфир ар­қылы жүргізілуі, 10 мың­нан аса ұсы­ныстың қаралуы – құжат­тың жалпы­ұлттық сипат алға­нын көр­сетеді. Сондай-ақ ол 7-бап­та мем­лекет пен діннің арақа­ты­на­сы айқын көрсетілгенін айтты.

«Преамбулада мыңжылдық тарихымызға сілтеме жасалуы – тарихи сабақтастықты сақ­тау мен ұлттық бірегейлікті нығай­тудың айқын көрінісі. Бұл – келешек ұрпаққа бағытталған идео­ло­гиялық әрі құнды бағдар. Сондай-ақ зайырлылық қағидатының жазылып, дін мен мемлекет бөлек деп көрсетілуі құқықтық нақтылық­ты қамтама­сыз етеді. Жалпы алған­да, жаңа Конс­титуция – құ­қық­тық құжат қана емес, еліміздің бола­шақ даму бағытын айқындай­тын стратегиялық бағдар», деді З.Ғайыпов.