БІРЛІК ПЕН СЕНІМ: ІШКІ САЯСАТТЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет елдің ішкі саясатына қатысты негізгі қағидаттар мен құндылықтарды айқындайтын тұжырымдама бекіткен болатын. Жаңа құжат қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың мемлекетті басқару процесіне белсенді қатысуына және билік пен халық арасындағы сенімді арттыруға бағытталған.

Осыған орай біз аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асхат Айжарықовпен әңгімелескен едік.

–Асхат Сағитжанұлы, Президент бекіткен ішкі саясаттың негізгі қағидаларының мән-мағанасына қысқаша тоқтала кетсеңіз?

– Әрине. Естеріңізде болса 5 қараша күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты құжатты бекіткен Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл құжаттың әзірленуіне Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған ұсыныс түрткі болды. Сол жиында сарапшылар мен қоғам қайраткерлері ішкі саясат саласындағы барлық жұмысты бір ізге түсіретін бірыңғай тұжырымдамалық құжат қажет екенін атап айтты. Президент бұл идеяны қолдап, оның мемлекеттік құрылымдардың жұмысын жүйелендіруге бағытталуы тиіс екенін атап өткен болатын. Жаңа құжат Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын, сөйлеген сөздерін және Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын негізге ала отырып әзірленді.

– Тұжырымдамада қандай негізгі қағидалар бекітілді?

– Онда, ең алдымен, мемлекеттік органдардың өздеріне арналған. Оның басты мақсаты – ішкі саясат саласындағы жұмысты үйлестіру және бір жүйеге келтіру. Құжатта ішкі саясаттың негізгі қағидаттары ретінде «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» ұстанымдары бекітілді. Сондай-ақ, бұл тізімге «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы, «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттары енгізілген. Президент Жарлығымен бекітілген бұл жаңа саяси тұжырымдамалық құжат елдің жаңару бағытын айқындап, мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың стратегиялық жоспарларына негіз болмақ. Бұл ұстанымдар мемлекет пен қоғам арасындағы ашықтықты, әділдікті, өзара сенім мен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

– Олай болса, аудан деңгейінде бұл бағыттарды жүзеге асыру үшін қандай жұмыстар жүзеге аспақшы?

–Ең алдымен түсіндіру және ақпараттық жұмыс жүйелі жүргізіледі. Президент бастамаларын жергілікті деңгейде түсіндіру үшін ақпараттық топтардың жұмысын күшейтеміз. Сонымен қатар: ҮЕҰ, волонтерлік қозғалыстар, жастар ұйымдарымен байланыс нығаяды; Қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтауға бағытталған кездесулер мен мәдени іс-шаралар өтеді; Жастардың еңбекке, кәсіпкерлікке және қоғамдық белсенділікке қатысуын арттыруға күш салынады; Жалған ақпараттың алдын алу және медиасауаттылықты арттыру бағытында жұмыс жүргізіледі. Мақсат – қоғаммен диалогты күшейтіп, тұрғындардың нақты мәселелерін шешуге ықпал ету.

– Қоғамдағы бірлік пен халық сенімін нығайтуда ішкі саясат бөлімінің рөлі қандай?

–Әрине, бұл өте орынды сауал. Ішкі саясат бөлімі – билік пен халық арасындағы байланыстырушы көпір. Ішкі саясат бөлімінің осы бағыттағы негізгі рөлі мен функциялары егжей-тегжейлі сипаттап айтар болсам: Біріншіден – Мемлекеттік саясат пен қоғам арасындағы байланыстырушы буын – Президент пен Үкімет белгілеген ішкі саясат қағидаттарын жергілікті деңгейде түсіндіру және жүзеге асыру – ішкі саясат бөлімінің басты миссиясы; Бөлім халық пен билік арасындағы кері байланысты ұйымдастырады, азаматтардың пікірін ескеріп, мемлекеттік шешімдерді қабылдау процесіне қоғамды тартады; Осы арқылы мемлекет пен азамат арасындағы сенім мен жауапкершілік қатынасын нығайтады. Екіншіден –  Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту – Этномәдени бірлестіктермен, ардагерлер ұйымдарымен, діни қауымдармен үйлесімді қарым-қатынас орнату арқылы қоғамдағы келісім мен татулықты сақтауға атсалысады; Қазақстан халқы Ассамблеясының аудандық құрылымдарымен бірлесе отырып, бірлік пен патриотизм құндылықтарын насихаттайтын іс-шараларды ұйымдастырады; Әлеуметтік шиеленістердің алдын алу үшін қоғамдық пікірді тұрақты мониторингтеп, мәселелердің алдын алу шараларын қабылдайды. Үшіншіден – Ақпараттық саясат және түсіндіру жұмысы; Мемлекеттік реформалар мен Президент Жолдауының мазмұнын халыққа қарапайым, түсінікті тілде жеткізуді қамтамасыз етеді; Ақпараттық-түсіндіру топтарын (АТТ) құрып, тұрғындармен тікелей кездесулер өткізеді; Жалған ақпараттар мен арандатушылық контенттің таралуына қарсы объективті, шынайы ақпараттық кеңістік қалыптастырады.Төртіншіден –   Жастармен және азаматтық патриотизммен жұмыс; Жастар арасында патриоттық сана, жауапкершілік және қоғамдық белсенділік құндылықтарын қалыптастырады; Волонтерлік, экологиялық және әлеуметтік бастамаларды қолдау арқылы жастардың сенімді, белсенді азаматтық позициясын дамытуға ықпал етеді. Бесіншіден – Қоғамдық көңіл-күй мен сенім индексін бақылау; Аудан тұрғындарының билікке сенім деңгейін, әлеуметтік көңіл-күйін анықтау мақсатында социологиялық зерттеулер мен мониторинг жүргізеді; Зерттеу нәтижелерін талдап, сенімге нұқсан келтіретін факторларды жою бойынша ұсыныстар әзірлейді. Мұндағы негізгі мақсат – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, сенім атмосферасын қалыптастыру.

– Алдағы уақытта бөлім жұмысының басты басымдықтары қандай болмақ?

– Аудандық деңгейдегі ішкі саясат саласының тиімділігі – қоғамдағы тұрақтылық, бірлік пен билікке деген сенімнің негізгі кепілі. Сондықтан алдағы уақытта бұл салада жаңаша тәсілдер мен нақты басымдықтарға көңіл бөлеміз деп ойлаймын. Нақтырақ айтар болсам, біріншіден, қоғаммен ашық диалогты күшейту, екіншіден, жастармен жүйелі жұмыс және азаматтық белсенділікті арттыру, үшіншіден, ақпараттық саясатты жаңа форматта жүргізу, яғни шынайы, түсінікті, жедел ақпарат тарату. Төртіншіден, ішкі саясат саласының тиімділігін бағалайтын нақты көрсеткіштер енгізу. Басты мақсат – тұрғындар сенімін арттыру.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Бүгінгі күннің басты талабы – қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді, ашық диалогты және жауапкершілікке негізделген қарым-қатынасты қалыптастыру. Президент бекіткен ішкі саясаттың жаңа қағидаттары – ел бірлігін сақтап, тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл бағыттарды жергілікті деңгейде тиімді іске асыру – әрбір мемлекеттік қызметкердің, әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Сұхбаттасқан Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерСұхбат