БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН АУЫЛДЫҢ ДУМАНДЫ КЕШІ

Өткен сенбі күні «Ауылдар күні» жоспарына сәйкес Бадамша ауылындағы орталық саябақта Әлімбет ауылдық округінің ұйымдастыруымен мерекелік мәдени кеш өтті.

Киіз үй ішінде Әлімбет ауылының тарихы мен мәдениеті таныстырылып, қолөнер бұйымдары мен сурет көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды. Кеште округ өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарлама қонақтардың көңілін көтерді.

Салтанатты жиында Әлімбет ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Мысаев сөз сөйлеп, ауыл тұрғындары мен қонақтарына жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ ол Әлімбет ауылының биыл 100 жылдық мерейтойын атап өткендігін айта келе, думанды кештің жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін жеткізді.

Концерт барысында әуезді әндер шырқалып, мың бұралған билер орындалды. Тұрғындар арасында қызықты ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Сонымен қатар асық ату, гір көтеру, қол күрес сынды спорттық жарыстар өтіп, үздіктер анықталды.

Кішкентай бүлдіршіндер үшін түрлі ойындар ұйымдастырылып, батутта секіріп, шар жарып мәз-мейрам болды. Арнайы шақырылған ауыл үлкендеріне де құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табыс етілді.

Мерекелік шарада ұлттық тағамдар ұсынылып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге келгендер ауыл өнімдерін  қолжетімді бағамен сатып алды.

Кеш соңын әсем отшашу көркемдеп, көпшілік думанды мерекені көңілді би кешімен түйіндеді.

Бұл күн Әлімбет ауылдық округі үшін бірлік пен ынтымақтың, береке мен жарасымның жарқын айғағы болды. Шара барысында ауылдың тарихы дәріптеліп, бүгінгі жетістіктері көпшілікке паш етілді. Осындай мағыналы да сән-салтанаты келіскен мерекелер тұрғындардың жүрегінде ұзақ сақталып, ауыл бірлігін нығайта түсері анық.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА