Балаларға мейірімін арнаған жан

Расында, бала күтушінің жұмысы өте жауапты. Аты айтып тұрғандай, өзге адамдардың балаларын бағып-күтіп, олардың дамуына, тәрбиесіне, күнделікті тәртібіне жауап беретін нағыз еңбек адамы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз — мамандығы құрылысшы болса да, 2010 жылдан бері бала күтушісі болып жұмыс жасап келе жатқан Дилора Карпишина.

Ол 1964 жылы 30 сәуірде Өзбекстан Республикасы, Самарқан облысы, Құлбасты кентінде дүниеге келген. 1973 жылы ата-анасы Ақтөбе облысы, біздің ауданның бұрынғы Александровка ауылына қоныс аударады. Дилора 8-сыныпты осы ауылдағы В.Пацаев атындағы орта мектепте аяқтайды. Кейін 1979 жылы Ақтөбе қаласындағы №5 кәсіптік-техникалық училищеден 3-разрядты сылақшы мамандығын алып шығады.

Еңбек жолын В.Пацаев атындағы кеңшарда бастайды. Құрылыс учаскесінде жұмыс істеп жүрген кезінде Анатолий есімді азаматпен танысып, отбасын құрады. Бүгінде екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген аяулы ана.

Жалпы еңбек өтілі — 30 жыл. Соның 15 жылын бала тәрбиесіне арнаған. Бұл салаға келуіне 2010 жылдардағы кеңшардың тарауы себеп болады. Қарапайым жұмысшы болып жүрген Дилора бір күні балабақшаны күрделі жөндеуден өткізуге келген құрылысшылармен бірге жұмыс істеп жүріп, асыр салып ойнап жүрген балаларды көреді. Сол сәтте бала тәрбиесіне қызығушылығы оянып, көп ойланбастан бала күтуші болып жұмысқа орналасады.

Ашық-жарқын, әңгімелескенді ұнататын, қашанда сабырлы, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын қарапайым күтуші Дилора Равильқызы еңбегі үшін бірнеше мәрте облыстық, аудандық білім бөлімдерінің алғыс хаттары мен марапаттарына ие болған.

Бүгінде жолдасы Анатолий Карпишин — зейнеткер. Қызы Татьяна В.Пацаев атындағы мектепте мұғалім, ұлы Иван өрт сөндіру мекемесінде қызмет етсе, ал кіші қызы Наталья шаштараз болып жұмыс жасайды. Бұл көпұлтты отбасы — ауыл-аймаққа сыйлы, өнегелі отбасы. Дилора татар ұлтының өкілі болса, жолдасы — украин, үлкен күйеу баласы — шешен, екінші күйеу баласы мен келіні — қазақ. Кеңестік кезеңнің тілімен айтқанда, нағыз интернационал отбасы.

Алдағы уақытта кейіпкеріміз зейнетке шығып, үш немересінің шат күлкісіне бөленетін күн де алыс емес.

Бақыт ИМАШЕВ