Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі саласы

Өткен аптада ауданымызға облыстан құрылған жұмыс тобы келіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді.

Облыстан арнайы келген жұмыс тобының құрамында Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Қойшыбайұлы, ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Кеңес Канадбаев, жер ресурстарын бақылау инспекциясының басшысы Баянбек Қырықбаев, Ақтөбе облысы бойынша «Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы» өкілі Берік Сариев, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ Ақтөбе филиалының директоры Азамат Тұрсынбекұлы, “КазАгроҚаржы” АҚ директоры Асхат Оңдағанов пен облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Айбек Айтжанов бар.

Сондай-ақ, бұл кездесуге мекеме-кәсіпорын басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдары басшылары мен кәсіпкерлер және де ауыл тұрғындары қатысты.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен басқосуда облыс аумағында ауыл шаруашылығы саласын дамыту және мемлекеттік бағдарламалардағы өзгерістермен оның тиімділігі жайында толық мағлұматтар берді.

Сонымен қатар, жұмыс тобындағы басқарма басшылары өздерінің салаларына қатысты, яғни егістік пен мал шаруашылықтарын жүргізуге арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін, тиісті жерлерді заңдылықтарға сәйкес пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жануарларға жүргізілетін ветеринариялық іс-шаралар тағы да басқа маңызды мәселелер жайында баяндама жасады.

Қатысушылар да өздерінің көкейіндегі сауалдарын жауапты мамандарға жолдап, тиісті жауаптарын ала алды.

Кездесу соңында сөз алған «Степное» шаруа қожалығының иесі Аманғос Төлеуов жұмыс тобы мүшелеріне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да осы шаруалардың мәселелерін оңынан шешуге атсалысуға шақырып, қызметтеріне толағай табыстар тіледі.

Ауыл шаруашылығын дамыту қазіргі таңдағы ең маңызды міндет. Осы орайда айта кететін жайт, ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелер түйіні шешілуі тиіс. Осы мәселелерді шешудің жолы аталмыш сала мамандарымен кездесіп, оларды толғандыратын жайттарды анықтап, бірлесіп шешуге ықпал ету. Сондықтан да, бүгінгі өткізілген жиынның да өзекті  мақсаты осыда. Себебі, ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекетті алға сүйреу, оның келешегін ойлау.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

 

ТегтерКездесу