Әкелер бақ сынасты

Бала болашағы үшін бірінші кезекте сапалы білім мен саналы тәрбие қажет дейміз. Ал тәрбиенің тал бесігі бірінші кезекте отбасы, ата-ананың көрсетер үлгісі мен ұлағаты. Сондықтан да, бұл сайыс елімізде ата-анаға деген көзқарас, бала құқықтарын қорғау барысында жүргізіліп жатқан бастамаларға қолдау білдіргендей болды.

Соңғы уақытта отбасылық зорлық-зомбылық жасаған азаматтар жазаланады деген  заң қолданысқа ене бастағанда  Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай әке мәртебесін көтеруі, отбасылық кикілжіңге тек  әкелерді кінәламауды қозғап, қоғамға ой тастағаны белгілі.

Расында, әке мәртебесі қашанда биік болуы керек. Әкеге деген құрмет отбасындағы қарапайым дүниелерден қалыптасады. Мәселен, «әкең жұмыстан шаршап келеді», «әкеңді ренжітпе», «әкеңнен сұра» деген секілді т.б. осындай сөздерді ана үнемі айтып отыруы тиіс. Бұл сөздердің астарында үлкен мән мағына мен ұлағатты тәрбие жатыр.

Осы орайда өткен аптаның сейсенбісінде  №2 Бадамша орта мектебінде  ата-аналар педагогикалық қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Даналық мектебі» жобасы аясында «Ең керемет әке»  тақырыбында сайыс өтті. Сайысты  мектеп мұғалімдері Рахима Мусабекова мен Салтанат Хабитова әсерлі де мазмұнды негізде ұйымдастырды.

Аталмыш сайысқа 12 әке қатысып, өздерінің бар өнерлерін ортаға салды. Жоғарыда айтып өткеніміздей әке беделі, әке мерейі, отбасындағы рөлі барысында әкелер сайыс шарты бойынша ой-бөлісіп, сұрақтарға жауап беріп, балаларымен бірге түрлі тапсырмалар орындап бақ сынасты.

Сайысқа  ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған, білім саласының ардагерлері Клара Сатаева мен Мерхат Мухамбетжанов және де аудандық аурухана дәрігерінің орынбасары, көп балалы ана, қамқоршылық кеңесінің төрайымы Жазира Сексенбаева әділ бағаларын беріп,  төрелік етті.

Тартысқа толы доданың бас жүлдесі  «Ең керемет әке» номинациясы Рысжан Ерменовке бұйырды. Ал жүлделі 1 орынды Абзал Амандықов, 2 орынды Дамир Жаримбетов, 3 орынды Жомарт Баймұханов иеленді.

Сайыстың мәні бәйгеде емес. Жұмыс басты болып, қай баласы қай мектепте, не қай сыныпта оқитынын  білуге уақыты жоқ әкенің көңілін бөлу, әке рөлінің маңызын жас буынға ұғындыру, «менің әкем» деген түсінікке терең бойлатуға бейімдеу. Сайып келгенде әркімнің әкесі өзіне қадірлі екенін, әке қандайда болмасын, «Менің әкем ең жақсы адам» деген сүйіспеншілікті әр ұрпақтың санасына сіңіру үшін осындай мағыналы әкелер бас қосуын жиі де жүйелі өткізіп тұрсақ, әке рөлін биіктете түсеріміз анық. Сайысқа қатысқан әкелер сөзімен айтар болсақ, әкелерді ардақтағандарыңыз үшін рахмет дегіміз келеді.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерСайыс