АУДАНДА ЕҢБЕКШІ ЖАСТАР БАС ҚОСТЫ

«Еңбек адамды адам етеді, еңбексіздік адамды надан етеді» демекші, 22 қыркүйек күні ауданымыздағы еңбекқор сан саланы тізгіндеген еңбекші жастар арасында форум өтті.

 

Форумға Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Найля Кужакова, сонымен қатар әр салада еңбек етіп жүрген жастар қатысты. Еңбекқор жастарымызды қолдауға бағытталған шараны аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Форум мақсаты — мемлекет ұсынып отырған бағдарламалар аясында жастарды еңбекке ынталандыру және оларды кәсіпке баулу, сонымен қатар еңбекші жастарды қоғамға таныту арқылы олардың еңбегін бағалау, қоғамдағы еңбек адамының беделін көтеру, ауданымыздағы белсенді жастарға қолдау білдіру.

Форум аясында аудан мен ауданға қарасты округтердегі белсенді жастарымыздың кәсіптеріне байланысты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Ащылысай мен Степной ауылдық округінен «Досмурзин» мен «Ровенский» жеке кәсіп иелерінің ауылшаруашылық өнімдері, Кемпірсай ауылдық округінен «Буктубаева», «Даурбаев С.» сүт өнімдері мен «ШАТ» жеке кәсібінің жылыжай өнімдері, «Роде» жеке кәсіп иесінің нан мен тәтті тоқаштары, Бадамша ауылдық округіне қарасты «TAMI flowers» гүлдер дүкенінің көздің жауын алар әсем гүлдері, «Happy day» сыйлықтар әлемі, «Альменова», «Сибагатуллина» кәсіп иелерінің қолөнер бұйымдары, ҚосЕстек ауылдық округінен келген «Вовк»  жеке кәсіп иелерінің сыйлықтар әлемі және де балалардың саусақ маторикасын дамыту мақсатындағы көрнекілік құралдары, Бадамша агротехникалық колледжінің тәтті өнімдері, сондай-ақ, аудандық мұражай, кітапхана, балалар өнер мектебі ұйымдарының туындылары көрмеден табылды.

Ашылу салтанатында алғашқылардың бірі болып аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы  Мейіржан Жұбан  сөз алып, форумның ұйымдастырылу мақсаттарына тоқталып өтті.

-Еліміз «Жаңа Қазақстанның» жаңғыру жолындағы екінші жылына қадам басты. 2023 жыл басталғаннан бері аудан әкімшілігі әртүрлі санаттағы жастардың өзін-өзі жүзеге асыруы, сәтті дамуы және әл-ауқатын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер берді. Сондай-ақ,  жастарымызды жұмыспен қамту олардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, жас отбасыларға қолдау білдіру, денсаулық және әлеуметтік белсенділіктерді арттыру мақсатындағы жұмыстар қолуға алынуда. Осы орайда, жастар саясатын тиімді атқаруда биыл 12 жарым миллион теңге бөлінді. Бұл дегеніміз 2022 жылмен салыстырғанда  қаржыландыру 5 пайызға өсіп отыр. Ал 4 мыңға жуық аудан жастары мемлекеттік бағдарламалармен қамтылды. Оның ішінде 1500-ға  жуық жұмыссыз жастар мен жас кәсіпкерлер және түрлі санаттағы жастар бар,-деп баяндап өтті орталық басшысы.

Одан соң форумда аудан әкімі Асқар Жүсібалиев сөз алып, форум асында аудан жастарының қоғамдағы белсенділігі мен оларға мемелекет тарапынан жасалып жатырған жобалардың тиімділігіне тоқталып кетті.

Сонымен қатар, ардагер ұстаз Найля Кужакова да форумға қатысушы жастарға өзінің жүрек-жарды лебізін білдірді.

Осылайша, бір күндік форумда сөз сөйлеген арнайы қонақтардан соң,  Бадамша орта мектеп-бөбекжай бақшасындағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жазира Булатова баяндама жасады. Одан соң «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңіріміздегі ауылшаруашылығы саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген  жас кәсіпкер Момынжан Қали да мінберде сөз сөйлеп, кәсіппен айналысудың қыр-сырымен бөлісті.

                                                         

 

Жастар мәселесі қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі. Сол себепті де  жастар мәселесіне ұдайы назар аударылып келеді. Ұйымдастырылған форумның да осы мақсатта маңызы зор екенін ұғындырып, «Ашық микрафон»  әдісі негізінде жастар өздерін толғандыратын сауалдарын жауапты мамандарға жолдап, оған ұтымды жауап алды. Жастарға қолдау табылып жатса да, қоғамда шешімді қажет ететін мәселелердің кездесіп жататыны тағы бар. Сондықтан да,  олардың толыққанды тұлға және заман ағымына сай азамат болып қалыптасуына жан-жақты қолдау көрсету – баршамызға ортақ міндет.

Шара соңында аудан әкімі мен жастар ресурстық орталығының басшысы жыл бойы түрлі қызметте өздерінің жетістігімен көзге түскен бірқатар ауданымыздың белсенді жастарын марапаттады. Олардың қатарында облыстық, республикалық жеңіл атлетика спортының жеңімпазы – Айдын Шибаев, жас кәсіп иелері –Алина Станислав, Ирина Вовк, Екатерина Шпилька, ауданымыздың көркемөнерпаздары Арыстанбек Аманқосов, Айнара Курманова, жас ұстаз, №2 Бадамша ОМ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – Айдана Алтынбай, медицина саласының қызметкері Аксара Нуржанова, аудандық ІІБ пробация бөлімінің инспекторы Айнагүл Аскарбек, өрт сөндіруші – Нурбек Маманбаев пен аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Айнагуль Ерменова бар. Ауданымыздың түрлі саласы бойынша үздік нәтиже көрсетіп жүрген жастарымызға аудан әкімінің алғыс хаты мен  естелік сыйлықтар табыс етілді.

Бүгінгі таңдағы жас еңбеккерлерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау, оларды сапалы еңбекке бейімдеу мәселесі елімізде өте өзекті. Осы орайдағы «ENBEKSHI JASTAR FORUMY 2023» биыл ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, жыл басынан бері ауданымызда, оның ішінде жастар арасында бос орындар жәрмеңкесі, қоғамдық тыңдаулар, онлайн және офлайн шеберлік сағаттары, ақпараттық-кеңес беру алаңы өткізілген. 11 бағыт бойынша 50-ден аса іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 1700-дей жас қамтылған. Мұның өзі ауданымыздағы жастардың белсенділігін байқатады.

Ендеше, Еңбек күні қарсаңында ауданымыздағы еңбекқор жастардың басын қосқан шараның берері көп болды. Мұндай игілікті шаралар алдағы уақытта да  жалғасын таба берсін демекпіз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.