АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ БАТЫР АНА

Әкеге деген сағыныш

         Дүниеде жаны бар атаулының барлығы ананың жүрегінен жаралған. Пайғамбар да, хан да, батыр да, дана да ана құрсағынан таралған. Бар болғаны үш әріптен құралған асыл сөз мына жарық дүниеге сәби әкеліп қана қоймай, оған тәрбие беріп, шексіз махаббатын төгеді. Әулеттің ұйытқысы болып, шаңырағының береке-бірлігін сақтаушысына айналады. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналардың асылдығында шек жоқ. Сондай батыр ана атанған бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Райса Нұғманқызы да құрсағына он  бала сыйдырып, кеудесіне «Алтын алқа» тағынған кейуанамыздың бірі. Біз іссапармен Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл ауылында тұратын Райса анамыздың шаңырағына арнайы барып, өзімен тілдесіп қайттық.

         Райса анамыз 1939 жылы 20 сәуірде бұрынғы Қайыңды колхозы Қаратоғай (қазіргі Шетырғыз) деген жерде, Нұғман мен Ақжібектің шаңырағында дүниеге келген. Әңгіме барысында Райса әже өзінің отбасынан бастап баяндап берді. Оның әкесі Нұғман үш ағайынды болған. Олар ата-анасынан ерте айырылып, жалғыз апасы Жанбаланың қолында тәрбиеленеді. Әкесінің ағасы Төлеген сол кездегі ауылсоветте, ал әкесі Нұғман Шалқардың орталығында орналасқан қызыл поштаға хат-хабар таситын пошташы болып қызмет етеді. Ол кезде хат-хабар поштаны аудан орталығынан атпен таситын болған.

1939-1941 жылдары еліміздің тарихындағы өте ауыр кездер еді. Неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағына опасыздықпен шабуыл жасап, елді дүр сілкіндіреді. Нәтижесінде, жер жерде ер-азаматтарды жаппай әскерге алу басталады. Осылайша, талай отбасыға қасірет әкелген Ұлы Отан соғысының ызғары әлі күнге дейін біз көрмесек те көз алдымызғы қорқыныш сезімін ұялатады. Сол сәтті әжей көзіндегі мұңды жанарымен былайша баяндап берді.

-Мен ол кезде небәрі 2 жастағы, ата-анамның жалғыз сәбиі едім. Әкем  пошта тасушы болып жұмыс жасайтын. Сондай бейқам күндердің бірінде әкем әдеттегідей атын ерттеп мініп, Шалқарға пошта алу үшін  Қорғандүзден келеді. Поштаның ауласына  атын байлап, «қазір базарға барып келемін» деп кеткеннен поштаға қайта оралмаған. Кім екені әлі күнге дейін бізге де белгісіз адамдар сол жерден, яғни көшеден «мобилизация»  деп вагонға тиеп алып кеткен. Кейін сол кездегі танитын адамдардың айтуынша, әкемізді шинел киген екі адамның қолтықтап «қызыл вагонға» мінгізгенін естідік. Бұны естіген анам қолындағы екі жастағы мені көтеріп Шалқарға қарай тұра жөнеледі. Анам құстай ұшып жетсе де, оны әскерилер вагонға жақындатпайды. Сөйтіп, әкеміз не жарының, не менің жүзімді көре алмай, дауысымызды ести алмай, тек қол бұлғаумен сұм соғысқа аттанып кетеді,- деген әже жанарына жас алды.

Көзіне жас алуының да мәні бар. Райса  әжеміз әкесінен қалған жалғыз тұяқ еді. Әкесі өте қарапайым адам болған. Бір өкініштісі әкемнің нұр бейнесі менің жадымда не болмаса сурет түрінде қолымда сақталмағаны қатты қынжылтады дейді.

Одан соң соғыстың зардабы үдей түседі. Әкесінің бауыры барлығын көшіріп Қайыңдыға алып келеді де, 1942 жылы өзі де соғысқа аттанады. Ол кезде соғысқа жібергендердің жанарында үміттен гөрі үрей басым еді…

Сонымен, әкесінің ағасы Төлегеннің  шаңырағында үш бала, ал әкесі Нұғманның отбасында жалғыз тұяқ осы Райса әжеміз қалады. Екі ана мен оның балалары бір шаңырақта күнелтіп жүргенде, үрей расталып, 1943 жылы  Қаратоғайдағы отбасыға бір күнде қаралы қағаз келеді.

Ол өте ауыр кез еді. Әрбір жанның жанарында мұңды жас, жүрегінде үрей, санасында сан мыңдаған сауалмен күй кешіп жүрген сәтте тағдыр тауқыметімен анасы тұрмыс құрып, өзі әкесінің бауыры Төлегеннің шаңырағындағы жеңгесінің қолында қалып, тәрбиеленеді.

Бұл әңгіменің барлығын 85–ке таяп қалған кейуана әжеміздің өз аузынан естудің өзі оңай болмады. Соның ішінде «әкемнің бейнесі тіпті де есімде жоқ, шіркін ең болмаса қай жерде жерленгенін білсем арманым болмас еді» деген діріл қаққан дауысы мен мөлт үзілген көз жасы жүрегімізді тіліп түсті.

Тоғысқан тағдыр

Екі жасында әкеден жетім қалған Райса әжеміздің көрген қиыншылығы аз емес. Әкесімен бірге туған  екі бауырының шаңырағында алма кезек жүріп бой жетеді. 8 класты бітірген соң, небәрі 16 жастағы Райса әжемізді тұрмысқа береді. Бір қызығы әжеміз өзі көріп көрмеген, танымайтын адаммен отбасын құрады. Сөйтіп, Шалқар қаласына қарасты, Ұлпан деген жердегі қарапайым шаңыраққа 1955 жылы 23 маусымда келін болып түседі. Жолдасы Қожагелді немеренің үлкені болғандықтан ата тәрбиесін көріп өседі. 1956 жылдан бастап 1991 жылға дейін Шалқар қаласының автокөлік мекемесінде шофер болып қызмет етеді. 1958-1960 жылдары Ленинград қаласында әскерде болады. Ал 1961 жылы «Ударник коммунистического труда» шеніне ие болып, сол жылы  аталмыш қаладағы автошаруашылық комбинатында оқып, «2 сыныпты шофер» біліктілігін алады.

Осылайша, жалғасқан келіндік өмірдің де тағдыры оңай болмады. 12 түйесі бар шаңырақта түйе сауып, құдықтан қауғамен су тартып, оны инеағашпен тасу, қазіргі кездегідей тамақтың түрі жоқ артынып, тартынып ішетін заманда қара ұннан кеспе кесіп, жоқтан бар жасап өмір кешеді. Одан қалды ауыр кетпенмен шөп шауып, оны түйемен жалғыз өзі  Шалқарға тасиды. Осындай, ауыр күндердің бірінде тұңғыш ұлын дүниеге әкеледі.  Одан соң балалары бірінен соң бірі дүниеге келеді. Балалы болған соң әже үйдің тіршілігі мен бала бағудың қамынан босай алмайды да, жолдасы жұмысты еселеп жасап, елден көршілес елдерге шығып, көлік жүргізіп отбасын асырайды. Жолдасы балаларды ештеңеден кенде етпеу үшін аянбай еңбек етеді. Бала боп ойын, бойжетіп қыз ғұмырдың қызығын көрмеген ана 11 құрсақ көтереді. Оның біреуі, яғни егіздің сыңары шетінеп кетеді. Ал қалған батыр ананың құрсағынан шыққан 10 бала қазір жанында, ана мейіріміне қанып өсіп, өркен жайып келеді.

Осылай, жалғасқан өмір көшінде жолдасы екеуі 1991 жылы осы Петропавл ауылына көшіп келеді. Бақытты өмірдің дәурені 2003 жылы тағы бір сынағымен келіп, 10 баланың әкесі, жолдасы Қожагелді өмірден өтеді.

Перзент алғысын алған Ана

Еңбекпен есейген кейуана қазір шүкірлігін айтып, ұрпақтарының  амандығын тілеуде. Қожагелді атамызбен отасқан әже 5 ұл мен 5 қыздың қызығын көріп, немере, шөбере, шөпшек сүйіп отыр. Балалары түрлі салада қызмет етіп, алды отставкадағы полковник. Әңгіме барысында балалары полиция саласында еңбек етсе, немерелері де осы саланы таңдап білім алуда.

Тағдыр тауқыметін тартып, өмірге 10 перзент әкелген алтын құрсақты батыр ана 1967 жылы «Медаль материнства» ІІ степени, «Материнская слава» І степени, 1978 жылы сол кездегі КСРО-ны басқарған  Леонид Брежневтен «Мать-героиня» төсбелгісін, бертін келе 2003 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алтын алқа» алқасымен наградталған.

Батыр ана қазір кенже баласының қолында.  Сондай-ақ, 10 баладан 30 немере, 47 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған ардақты ана, бақытты әже. Әулетінің отын сөндірмей отырған балалары мен инабатты келіндеріне деген риясыз сүйіспеншілігін де байқадық әңгіме барысында.

 Балалары осыдан 5 жыл бұрын аналарының мерейлі 80 жасын атап өтіп, дүбірлі той жасап, өздерінің перзенттік борышы мен ұрпақтарына естелік ғұмырнамалық «Анам – ақ періштем» атты кітап жазып шығарған. Кітапты қолымызға алып ашқаннан Райса әжеміздің өмірі көз алдымыздан өткендей болды.

Тағы бір айта кететіні, әкелері дүниеден өткенде де балалары  әкелеріне арнап «Өмірдерек» деген шағын жинақ кітапша шығарып, оған асқар тау әкелері жайында деректер мен қолжазба өлең шумақтарын енгізген. Кітаптардың жазылуына арқау болған Астана қаласындағы әжеміздің кенже қызы Айнұрдың еңбегі зор екен. Қызының  жазуға деген қабілеті әкесінен дарыса керек. Себебі, әкелерінің өлең жазатын қабілеті болған. Қолжазба деректерін Райса анамыз ұрпақтарына бүгінгі күнге дейін сақтап келеді.

Бәрі де еңбектің арқасы…

«Көп жұмыс жасаған адам көп жасайды» демекші, Райса әжеміздің өмірінің бәрі еңбектен тұрады. Өйткені, бала кезден бел жазбастан еңбек еткен жанның өмірі бейнетпен өткенін байқаған боларсыздар. Сондықтан да, болар 85-ті алқымдаған әже қазір де қарап отырмай, құрақ құрап көрпе тігіп, бау-бақша жинап, үй тіршілігіне де қолғабыс етіп, тіпті лағман да созады екен. Осы орайда әжеміз де өзінің пікірін білдірген еді.

-Өміріміздің бәрі еңбекпен өтті. Бәрі де сол еңбектің арқасында. Қанша қиындық көрсек те, еңбектен қол үзбедік. Соның арқасында қаншама баламызды тәрбиеледік. Қазір сол балаларымыздың өзі де әртүрлі салада еңбек етіп, еңбектерімен еліне пайдаларын тигізіп жүр. Біз дайын нәрсені көріп өскеніміз жоқ. Керісінше, әр нәрсенің қол еңбекпен келетінін білдік. Қазіргі сендердің заманындай молшылық болған емес. Тіпті 10 баланы дүниеге әкеліп, үйдің тіршілігі одан қалды ата-ене мен жолдасыңның жағдайын жасау, таң сәріден басталған тіршіліктің қай кезде бітері белгісіз күйде жүрсек те бұл жағдайымызға шағымданып та көрмеппіз. Ал қазіргі заман басқа. Керектің бәрі дайын. Барлығы тоқпен, қолға күш түспей-ақ үйдің де түздің де тіршілігін бітере аласың. 4-5 баланы дүниеге әкелсең, мемлекет те қолдау білдіреді. Біздің заманымызда мұндай қолдау болған жоқ. Өзіміз бағып-қағып өсірдік. Десе де, қандай қиын болса да әрбір нәрсеге еңбекпен қол жеткізген дұрыс. Еңбекпен келген дүиенің дәмі де тәтті болады. Мен осы жасыма дейін 10 баланы өмірге әкелсем де, үкіметтен де, жергілікті әкімшіліктен де көмек сұрап көргенім жоқ. Жолдасым еңбек етті. Берекемен келген бірлікке шүкір еттік. Қазір шүкір балаларымның бәрі өз аузына қолдары жетіп, оқып-тоқып, еңбек етіп, отбасын құрып, ұрпақтарымды көбейтіп, өсіп-өніп келеміз. Қазір осы ұрпақтарымның амандығын тілеп, еліміз аман, жұртымыз тыныш боп, біз көрген қиыншылықты олар көрмесе екен деп тілеймін,-деген әже тағы бір толқып, күрсінді.

Дастархан басында әжеміздің әсерлі әңгімесін тыңдап, өз қолынан шыққан тоқымалары мен құрақ көрпелерін де көрдік. Айта берсек, Райса әжеміздің тағдыры бір кітаппен тең. Сексен бес жылдық тарихын бір күнгі әңгімеге сыйғызып, газетіміздің де бетіне ықшамдадық…

     

P/S: Сөз соңында Райса әжеміз қуанышты жаңалығымен бөлісті. Әкеден қалған жалғыз тұяқ әкесінің бейнесі есінде сақталмағасын, оның ең болмағанда қайда жерленгенін білу арманы деп айтқан едік. Астана қаласындағы кіші қызы 2018 жылдан бері іздеу жариялап, биыл анықтап тапқан екен. Ерлігімен қаза тапқандардың қатарынан табылып, Ростов-на-Дону — Кагальницкая деген жерде жерленген. Бірақ іздеушісі болмағасын осы уақытқа дейін есімі мәрмәр тақтасына жазылмаған, сол тақтаға есімін енгізу үшін қазір құжаттары жинақталып, зерттеліп жатыр екен. Сол құжаттармен кенже қызының айналысып жатқанын айтты.

«Алла денсаулық пен ғұмыр берсе, әкемнің басына барып, өз көзіммен көріп кетсем, арманым жоқ еді деген, әже тағы да қуанышын күрсініспен тежеді»…

Қанша жерден ұлы болса да, ананың ұлылығынан асып түсе алмайды. Ғабит Мүсірепов айтқандай, «ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді». Иә, ананың мейірімділігінде шек жоқ. Ананың мейірімі нұр шашып, жан-жағына өз шуағын төгеді.

Осы орайда, Райса әжеміздің ауыр тағдырын тыңдасақ та аналық мейіріміне тәнті болдық. Кенже баласының шаңырағындағы ақ дастархан басында ортаншы қызы Балапан апа да болып, ата-анасы жайындағы көптеген естеліктерімен бөлісті. Батыр ананың төсбелгілерімен таныстырып, әулеттің мұра болып сақталған құнды дүниелерін де көрсетті.

«Жас адам бір қарттың жасына қарап құрмет көрсетсе, оның жасына жеткенде Алла Тағала оған жастарды құрмет еткізеді»,-деген даналық сөз бар. Ендеше, осындай қиыншылығының артына үлкен даналықты сыйдырған, аузынан шүкірі мен тағылымы мол әңгімесе түспейтін қарттарымыз әрқашан аман болсын. Әжеміздің әңгімесін тыңдай бергіміз келсе де, әттең уақыттың еншісіне бағынып, батасын алып, біз де жолға аттандық.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.