Еңбек тәрбиесі бастан, еңбекке баулау жастан

2023 жылдың 25 қыркүйек күні аудандық тарихи-өлкетану музейіне Бадамша агротехникалық колледжінің студенттері Еңбек күніне арналған “Еңбек тәрбиесі бастан, еңбекке баулау жастан” атты тақырыпта экскурсия ұйымдастырылды.

Еңбек – адам өміріне қажетті материалдық, рухани және басқа  құндылықтарды құруға бағытталған адамның іс-әрекеті.

Қазақстан Президентінің 2013 жылғы Жарлығымен белгіленген қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Мереке еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға, өнімді жұмысты ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттауға және жұмысшы әулеттердің ежелден қалыптасқан дәстүрлерін нығайтуға және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсінуге бағытталған.

«Өз кәсібінің берекесін көріп, атадан балаға мирас етіп отырған көптеген еңбек әулеттерін аудан ғана емес облыс көлемінде таныта білдік. Жанын сала еңбек етіп, өзінің табысын маңдай терімен тауып отырған адамды қалайша құрметтемеске?! Ол — құрылысшы не сылақшы бола ма, ол жазушы не өнер адамы бола ма, ол — басшы немесе ұстаз бола ма, маңдай терімен жұмыс істей білуі қажет.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әр сөзінде масылдық пиғылға жол бермеу туралы айтып келеді. Осы тұрғыда, біз үшін маңдай терін төгіп, тәрбиелеп-өсірген ата-анамыздың еңбегін ақтап, ұрпағымызды еңбекке тәрбиелей білсек – туған жеріміздің дамуына қосқан бір үлесіміз болмақ»,-деді музей қызметкері Қымбат Тасымова.

Берекелі бірлік пен тынымсыз тірліктің арқасында ауданымызда Социалистік Еңбек Ерлері шыққаны да белгілі. Олардың есімдері аудан тарихында мәңгі қалады: Труба Юрий Васильевич, Заикин Петр Романович, Карюк Григорий Григорьевич, Клименко Лидия Дмитриевна.

Еңбек күні — бұл еліміздің барлық азаматтарын біріктіретін жарқын мереке. Аталған іс-шара барысында аудандық музейдің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Сабыржанқызы ауданымызға өздерінің үлестерін қосқан азаматтар мен азаматшалар жайлы мағлұмат бере отыра, музей қонақтарына  экскурсияны тамашалап, экспозиция залдарымен танысытырып өтті.

Іс – шара соңында ауданымыздағы  табысты адамдар, еңбек ардагерлері туралы және т.б. Құрметті азаматтар жайлы ақпаратттар беріліп, фото суреттері LED экран арқылы көрсетілді.

Тілек БЕГАЙДАРОВ.