АСПАП АРҚАЛАҒАН ӨНЕРПАЗДАР ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ
Еліміздегі Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы қолдауымен Ақтөбе қаласындағы №1 Балалар музыка мектебінің ұйымдастыруымен облыстық «Таланттар әуені» атты баян-аккордеон, виолончель және скрипкашылар арасындағы байқау өтті.
Мақсаты — шығармашылық қабілеті жоғары, талантты, жан-жақты өнерлі балаларды тәрбиелеу, білім мен өнер жолына бағдар беру, дарынды жас өнерпаздарды қолдап, шығармашылық дамуына жол ашу.
Байқауға Алға, Қобда, Қарғалы, Хромтау аудандық балалар өнер мектептерінен, Мәртөктегі Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебінен, Ақтөбе қаласындағы №1, № 2 және № 3 Балалар өнер мектептерінен, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінен барлығы 60 оқушы қатысты. Кішкентай өнерпаздардың бәрі де өздерінен үлкен аспаптарды меңгерген. Шеттерінен шебер ойнайтын кішкентай өнерпаздардың өнеріне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясындағы камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері Али Ермекбаев, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің баян класының оқытушысы Әсет Елубай, Ақтөбе музыкалық колледжінің виолончель класының оқытушысы Ерсултан Эрнисович төрелік етті. Байқау қорытындысы бойынша Қарғалы аудандық балалар өнер мектебінің оқушылары табысты оралды.
Атап айтсақ, Меруерт Құмарова I орынға лайық деп танылды. Артем Ченгаев II орыннан көрінсе, Артур Нечаев III орынды місе тұтты. Жүлдегерлер дипломдарға ие болды. Ал Жаншуақ Боранбаева және Инабат Есентаева белсенділіктері үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Қарғалы-ақпарат.