Ана мен бала өмірінің қамқоршысы

  

Интернеттен алынды

     Бұл айтулы датаны дүниежүзілік деңгейінде атап өту бастамасы өткен ғасырдың бел ортасында көтерілген болатын. 1963 жылы медбикелер күні ресми түрде атап өтілетін мерекелердің қатарына қосылды. Ал 1974 жылы мамыр айының 12 жұлдызы нақты тойланатын күн ретінде бекітілді. Оның да өзіндік себебі бар. Себебі, бұл күні мейірбикелер қызметінің негізін салған Флоренс Найтинге дүниеге келген күн. Ол өткен ғасырдың бас кезінде консервативті ағылшындардың медицинасына өзгертулер енгізіп, медбикелер қызметін қалыптастыруға ықпал еткен медбикелер үшін қасиетті тұлға. Медбикелерде кәсіби мерекелерінде өздеріне жол ашқан жанға тағзым етеді деуге де болады. Біз де жылдағы үрдіс бойынша мереке алдында аталмыш сала қызметкерлерімен тілдескен едік.

Акушер – бұл әйел адамдарға жүктілік және босану кезінде көмек  көрсететін маман. Бұл мамандық әрдайымда сұранысқа ие. Өйткені, ол өмірдегі басты сәттің бірі, яғни адамның дүниеге келуімен тікелей байланысты. Аудандағы осындай мамандық иесінің бірі, сәбилердің жарық дүние есігін ашуына себепші бола білген, ана бақыты мен бала саулығы үшін 40 жыл еңбек етіп жүрген аудандық емхананың консультант медбикесі Айгүл Мамбетованың еңбек жолын кәсіби мерекелері қарсаңында сөз етпекшіміз.

Сөз басын ең алдымен жылдағы дәстүр бойынша мейірбикелердің  кәсіби мерекесі қарсаңында біздің еңбегімізді  ерлікке бағалап, оқырмандарға таныстырып жүрген аудандық газет ұжымына деген ризашылығымен бастады.

-Ойлап отырсақ, біздер яғни акушерлер сәбиді алғаш қабылдаған сәттен бастап, бесікке дейін аман жетуіне нағыз жауапты мамандармыз. Бір менің алғаш қабылдаған шақалақ ұл-қыздарым бүгінгі күні 40 жасты еңсерген азаматтар мен азаматшалар қатарында. Соған қарап, өтіп жатқан жастық шақ демеске амал бар ма? Мен осы ауданның киелі елді мекені Қарабұтақ ауылында,  әкем Шамшиден мен анам Ұлдайдың отбасында дүниеге келген 4-ші перзентімін. Дәлірек айтқанда, 1965 жылы дүниеге келіп, Қарабұтақ ауылындағы Қызыл-Флот мектебін 1980 жылы бітірдім. Содан әрі бой жетіп, еңбекке араласып, сол жылы әке-шешеме арман болған медицина саласына бет алдым. Бүгінде атағы жер жарған медицина қызметкері болмасақ та, ел қатарлы аталмыш салада еңбек  етіп келемін. Өз жұмысым өзіме ұнайды,-дейді кейіпкеріміз.

Айгүл Ақтөбе қаласындағы медициналық училищенің «Акушерлік іс» бөлімін бітірген. Сол кездегі Ленин аудандық ауруханасының перзентханасына жұмыс жасап, бүгінге дейін аудан халқының есінде қалған білікті  гинеколог дәрігер Петр Фризиннен сабақ алған екен. Ол 15 жыл еңбек етіп, талай ана мен балаға көмек көрсетіп, қаншама сәбидің дүние есігін ашуына куә болған жан.

Сондай-ақ, ол өзінің қызметін аудандық емханада аналардың кеңесшісі бола жүріп, 1986 жылы Бадамшалық азамат Нұрлан  Мамбетовпен отау құрады. Қазіргі уақытта жолдасы ауданымыздағы газ учаскесінде авто-көлік жүргізушісі болып қызмет жасайды. Өнегесі жарасқан отбасы бүгінде ұлдарынан 3 немере сүйіп, ата-әже бақытына кенеліп отыр. Оған қоса Айгүл зейнет жасына жетсе де бүгіні күні аудандық емханада аналарға кеңесші болып еңбек етіп жүр. Абыройлы атқарған еңбегінің нәтижесінде бірнеше мәрте алғыс хат, грамоталармен марапатталған. Сонымен қатар, 2022 жылы ұзақ жылдардағы еңбегі еленіп, «Мейірім» медалына ие болған.

Осы орайда кейіпкерімізде «еңбегінің еленгені, сәби амандығы мен ата-аналардың шынайы тілегі мен алғысынан артығы жоқ»,- деген лебізін жасыра алмады.

Расында, сөзінің жаны бар. Таңдаған мамандығыңды сүйіп жасап, адамдарға жақсылығың тиіп, алғыс алып жатырсаң шынайы бақыт емей немене? Олай болса, барша ақ халатты абзал жандардың халық денсаулығы үшін жасап жатырған еңбектері еленіп, әрқашан да алғысқа кенеле берсін демекпін.

Мерекелік бетті дайындаған Бақыт ИМАШЕВ