Мамандығыма ризамын

 -Әркімге өз кәсібінің берекелі болғаны маңызды. Өйткені, жылдар бойы жасаған еңбегің нәтижелі болып, халыққа пайдасы тиіп, алғыс арқаласаң, үмітіңнің ақталғаны демей немене? Міне, мен де осы бір 35 жылдық еңбек жолымдағы өзім таңдаған медбикелік мамандығыма дән ризамын және де мақтан тұтамын,-деген ризашылық әңгімесімен бастады кейіпкеріміз.

Алмагүл Нурмаганбетова осы аудандағы кезіндегі Эрзерум (қазіргі Сарбұлақ) ауылының тумасы. Бір өкініштісі, бүгінде бұл ауылдан ештеңе қалмады. Ата-анасы осы ауылдың Большевик ұжымшарында еңбек еткен жандар. Әкесі Мұратқали ұзақ жылдар бойы механизатор болып еңбек етсе, анасы Жібек сауыншылық қызмет атқарған. Ол отбасындағы жеті баланың бесіншісі болып, 1970 жылы  маусым айында дүниеге келген.

-Иә, қарапайым отбасында тәрбиелендім. 1987 жылы мектеп бітіргеннен кейін, Орынбор облысының біздің ауданмен көршілес Гай қаласындағы медициналық училищесіне түстім. Ондағы «Мейірбике» бөлімін 1989 жылы тәмамдап, диплом алғаннан кейін кезіндегі Ленин ауданының Анастасов (бүгінгі Бозтөбе ауылы) амбулаториясына медбике болып жұмысқа орналасып, ауылдастарыма көмегімді көрсетіп, шыңдалдым десем де болады. Одан соң  аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне ауыстым. Күні бүгінге дейін осы бөлімде еңбек етудемін,-деді ол.

Әрине, қай жұмыстың да өзіндік жауапкершілігі болады. Оның үстіне  хирургия бөлімінің жөні бөлек. Адам жанының аршасы бола отырып, олардың көз алдыңда бір  дене мүшесінен айырылып зар жылғанын көру өте қиын жағдай. Былайша айтқанда, бұл салада жұмыс жасауда төзім мен үлкен шыдам керек. Кейіпкеріміздің бұл салада еңбек етіп келе жатқанына да  30  жылдан асқан.

Сондай-ақ, дәм-тұзы жарасып, Бадамша ауылының азаматы  Ахметғалимен отау құрады. Отбасыларында екі ұл мен екі қыз өсіп келеді. Балалардың алды қызынан жиен немересі бар. Жолдасы қазіргі таңда «Копер» ЖШС-де БелАЗ авто-көлігінің жүргізушісі және де өзі күні-түні ауысымдық жұмыста болғанда балаларының қамқоршысы, өте бала жанды азамат.

Осылайша, ел қатарлы  күн кешіп, абыройлы еңбек етіп жүрген Алмагүлдің жетістіктері аз емес. Еңбегінің нәтижесінде алғыс хат, грамоталармен марапатталып, өткен 2023 жылы медицина саласындағы табысты қызметі үшін «Мейірім» төс белгісіне ие болған. Ол қай кезде де  алдына ем іздеп келген жандарға адал еңбек етуді көздейді.

Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы емделушінің дертінен айығуына себепкер жанның бірі – медбике.

Сондықтан да, ол «Еңбектің еленгені жақсы, дегенмен де марапаттың төресі сүйікті жұмысың, елдің алғысы, балаларыңның бақыты, немерелерімнің «әжелеген» тәтті тілінен шыққан ыстық ықыласты есту,  жаныңды жадыратар ем дер едім»,-деген ішкі хәлін қуанышпен жеткізді.

Бақыт ИМАШЕВ