Шағын ауылдың медбикесі

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетумен елді мекендердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуде шын мәнісінде әлеуетті мүмкіндігі мол мамандық – медбике мамандығы.

Солардың бірі  шағын ауыл Кемпірсайда 28 жыл еңбек етіп келе жатқан Ботагөз Құтмағанбетова ауылдастарына деген жанашыр жан.

                                           

Кейіпкеріміз Қызылорда облысы, Арал ауданында әкесі есепші Қалдыбай мен  үй шауасындағы анасы Марияның отбасындағы алты баланың бірі. Ол 1961 жылы 28 шілдеде дүниеге келген. Ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, 1978 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы медучилищесіндегі мейірбикелерді дайындау бөліміне оқуға түседі. Оны 1980 жылы орта  білімді кәсіби маман болып  бітіріп шығады. Өз елінде жұмыс жасай жүріп, жолдасы Тәуекел екеуі 1984 жылы отау құрады. Тағдырдың жазуымен жолдасынан айырылған ана жұмысымен қатар 5 баласын да ел қатарлы жеткізуге барын салып, балалар бақытын ойлап, ешкімнен кем қылмай жеткізіп келеді.

Кемпірсай ауылының бұрынғы медбикесі Л.Рембез өзінің елі Германияға қоныс аударады. 1996 жылы Ботагөз осында жұмысқа келеді. Аралдың аруы Кемпірсайдағы 98 адамға қолдан келген алғашқы көмегін көрсетеді. Бүгінде сол ауылдастарының құрметіне бөленіп отыр.

Шағын мұнтаздай жұмыс орны, жедел жәрдем көлігі ауылдастарының игілігіне жарап тұр. Қазіргі таңда өзі де шағын ауылдың  қамын ойлап, тынымсыз еңбек етумен қатар, ауылдағы өтетін іс-шаралардың ұйтқысы болып жүр. Үлкен ұлынан немере сүйген ана, немересінің  студент болған қадамын да көріп, қалған немерелеріне тілекші. Қазір үлкен ұлымен бірге тұрады.

Еңбегіне қарай ауыл әкімі мен аурухана басшысының Алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ, 2022 жылы  кәсіби мерекесі қарсаңында  Ұлттық Ассоциациясы  «Primary Health Care» алғыс хатымен марапатталған.

28 жыл бір ауылда еңбек еткен Ботагөз ауылының мақтанышы, тұрғындардың жанашыры, аяулы ананың еңбегі де зор жан.

Бақыт ИМАШЕВ