АБАЙ МҰРАСЫ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

10 тамыз – Абай күніне орай аудандық орталық кітапханасында «Абай – руханият шамшырағы» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлы мұрасын насихаттау, оның философиялық көзқарастары мен адамгершілік ілімінің бүгінгі қоғамдағы маңызын айқындау, оқырмандардың рухани танымын кеңейту.

Кездесуді кітапханашы Қанат Қартбаев жүргізіп, кіріспе сөзінде Абайдың ұлттық руханияттағы орнына тоқталды. Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериал көрсетіліп, қатысушылар «Абайдың рухани мұрасы», «Қара сөздердің қазіргі қоғамдағы рөлі», «Кітаптың тұлға қалыптастырудағы маңызы» сынды өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.

                                 

Іс-шара аясында «Абай әлемі – мәңгілік мұра» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда 30 әдебиет көпшілік назарына ұсынылды. Көрмемен танысқан оқырмандардың бір бөлігі өздеріне қажетті туындыларды таңдап, 5 кітапты оқуға алып, қызығушылық танытты. Жалпы шараға 30 оқырман қатысып, мазмұнды басқосу рухани маңызы зор кездесу ретінде өтті.

Қатысушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті. Шара соңында танымдық викторина өткізіліп, қатысушылардың Абай өмірі мен шығармашылығына қатысты білімдері сараланды.

Осылайша, дөңгелек үстелде Абай мұрасының мәңгілік құндылығы айқындалып, оның шығармалары арқылы адамгершілік, білімге ұмтылыс, еңбекқорлық пен әділдік қағидаттары кеңінен насихатталды.

Жұлдыз КЕНЖЕ