АУА РАЙЫН БОЛЖАҒАН АУЫЛ БАЛАЛАРЫ

Ауа райы – ауыл тіршілігінің ажырамас бөлігі. Табиғаттың тосын мінезін алдын ала білу – әрбір тұрғын үшін маңызды. Ауданымыздағы  бұл істі үлкендер емес, мектеп оқушылары қолға алып, күнделікті өмірге нақты пайдасын тигізіп отыр.

Атап айтар болсақ, аудан орталығындағы  Бадамша №1 жалпы орта білім беретін мектебінің 7-сынып оқушылары Максим Гриненко мен Мансұр Танатбаев қарапайым оқу жобасын ауыл тұрғындарына қажетті, тиімді бастамаға айналдырды. Олар күн сайын ауа райын бақылап, жиналған мәліметтерді сараптау арқылы ауыл тұрғындарын табиғаттағы өзгерістер туралы алдын ала хабардар етіп келеді.

Жоба жетекшісі Жанат Қарасаеваның бағыт-бағдар беруімен жас зерттеушілер өткен оқу жылында республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде жүлделі ІІІ орынды иеленіп, өз еңбектерінің маңыздылығын дәлелдеді. «Қарғалы ауданындағы ауа райын бақылау» атты зерттеу бүгінде тек ғылыми жұмыс қана емес, көпшілікке пайдасы тиіп отырған нақты жобаға айналды.

                                                       

Максим мен Мансұрдың еңбегі ғылыми тұрғыдан ғана емес, практикалық жағынан да ерекше құнды. Олар қатты жел, найзағай, жауын-шашын, бұршақ немесе ауа температурасының күрт өзгеруі сияқты құбылыстарды бақылап, тұрғындарды дер кезінде ескертуге тырысады. Мұндай ақпарат ауыл халқының шаруасын жоспарлауға, қауіптің алдын алуға, тұрмыстық жұмыстарын реттеуге үлкен көмек береді.

Бақылау барысында оқушылар жергілікті аумаққа тұрақты түрде шығып, ауа райы көрсеткіштерін тіркейді. Арнайы өлшеу құралдары мен метеорологиялық деректерді пайдаланып, алынған мәліметтерді салыстырады, талдайды. Соның нәтижесінде олардың болжамдары көп жағдайда мамандардың ресми мәліметтерімен сәйкес келіп жатады.

Жас синоптиктер өз еңбектерін тек зерттеу деңгейінде қалдырмай, оны тұрғындарға қолжетімді етудің де тиімді жолын тапқан. Олар әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, WhatsApp желісінде арнайы топ құрып, тұрақты түрде ауа райы болжамдары мен ескерту хабарламаларын жариялап отырады. Бұл бастама ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне етене енген пайдалы ақпарат көзіне айналып үлгерді.

Олардың  бұл бастамасы – білімнің өмірмен ұштасқан жарқын үлгісі. Өз ауылына жанашырлықпен қарап, нақты пайда әкеліп жүрген оқушылардың еңбегі көпке үлгі болары анық. Осындай талапты, ізденімпаз жастар барда, ел болашағына деген сенім нығая түсері сөзсіз.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерЖетістік