МЕЙІРІМ МЕН ЕҢБЕКТІҢ ИЕСІ

Қазан айының соңғы аптасында елімізде әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кеңінен аталып өтеді. Бұл — мейірім мен жауапкершілікті қатар талап ететін, жан жылуын адамдарға сыйлайтын ерекше мамандық иелерінің күні.
Осы саланың ауыр да абыройлы жүгін 32 жыл бойы көтеріп, талай жанның көңіліне шуақ шашып жүрген жан — Қарғалы аудандық әлеуметтік сала қызметкері Сайлан Юсупова.
Сайлан Алпысбайқызы 1967 жылы 30 қарашада Ақтөбе облысының қазіргі Хромтау ауданына қарасты Қызылсу ауылында дүниеге келген. Көп балалы отбасында тәрбиеленген ол туған ауылындағы онжылдық мектепті тәмамдағаннан кейін Ақтөбе қаласындағы тоқыма өнеркәсібі техникумында білім алып, мамандығы бойынша Хромтау қаласында еңбек жолын бастайды.
1988 жылы Сәрсенқұл есімді азаматпен отау құрып, отбасылы өмірге қадам басады. Бүгінде жолдасы Бадамша спорт кешенінде күзетші болып еңбек етеді. Қызынан тараған төрт жиен — олардың көз қуанышы, өмірінің мәні.
Адамдарға көмек көрсетуді, мейірім мен қамқорлық танытуды өз өмірінің басты қағидасына айналдырған кейіпкеріміз 1993 жылдан бастап әлеуметтік салада қызмет ете бастайды. Содан бері ол талай қарттың, мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне жылылық пен жақсылық ұялатып келеді. Біреуге ас-суын әзірлеп, енді бірінің үй шаруасын реттеп, кейде төлемдерін төлеп, олардың жай-күйін жас баладай бағып-қағып жүрген Сайлан Алпысбайқызының еңбегі елеусіз емес.
Ең басты марапаты — қамқорлық көрген жандардың алғысы мен ақ батасы. Сонымен қатар ол бірнеше мәрте аудан және облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен, Ақтөбе облыстық әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы А.Шүйіншалиевтің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Биылғы мереке қарсаңында да облыстық және республикалық деңгейде өткен әлеуметтік қызметкерлер байқауында Бадамша ауылынан қатысып, абыроймен өнер көрсетті. Марапаттау рәсімі алдағы күндері Ақтөбе қаласында өтпек.
Мереке қарсаңында біз де мейірім мен жауапкершілікті серік еткен Сайлан Алпысбайқызындай кең жүректі жандарға зор денсаулық, отбасы бақыты және қажымас қайрат тілейміз. Қамқорлықтың қайыры еселеніп қайтсын!
Бақыт ИМАШЕВ








