ШАҒЫН КӘСІП – ҮЛКЕН ТАБЫС КӨЗІ

  Республика бойынша 2023–2025 жылдардан бастап жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы Ақтөбе облысында, соның ішінде біздің ауданда да қарқынмен дамуда.

Осы орайда біз аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллинмен хабарласып, бағдарлама негізінде атқарылып жатырған жұмыстар жайында білген едік.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, ең бастысы жастардың ауылға деген қызығушылығын оятып, кәсібінен нәсіп көруіне зор мүмкіндік беретін жоба.

Ауданда 2023–2025 жылдар аралығында бағдарлама ауылдық округтерде кеңінен түсіндіріліп, бүгінгі күні тәуекел етіп бастағандар еңбегінің жемісін көруде.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмасын басшылыққа ала отырып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Осы мақсатта аз пайызбен несиелер беріліп, ауылдықтарға өз ісін ашуға немесе кеңейтуге нақты мүмкіндіктер жасалған. Ерекше атап өтер жайт – бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі жас отбасылар. Бұл ауылда кәсіп етіп, нәсіп көруге жастардың құлшынысының артып келе жатқанын көрсетеді.

                                   

Жобалардың статистикасы: 2023 жылы 670,5 млн теңгеге 181 жоба мақұлданды. Оның ішінде құс шаруашылығы – 108, шағын және орта бизнес – 45, өсімдік шаруашылығы – 28. Ал 2024 жылы 567,8 млн теңгеге 96 жоба мақұлданып, мал шаруашылығына – 66, шағын және орта бизнеске – 26, құс шаруашылығына – 3, өсімдік шаруашылығына – 1 жоба тиесілі болды. Биыл 2025 жылы 82,4 млн теңгеге 13 жоба мақұлданды. Оның ішінде 10 жоба – мал шаруашылығы, 3 жоба – шағын және орта бизнес бағытында. Қазіргі таңда жобасы мақұлданғандар іске кірісіп кетті. Сонымен қатар, қосымша 86,5 млн теңгеге 7 жоба қаралу үстінде.

Жалпы алғанда, 2023–2025 жылдар аралығында аудан бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасына 1 млрд 334,1 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, 291 жоба мақұлданды.

Аудан еңбеккерлері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп ашып, нәсібін көріп отыр. Бұл жобаға сеніммен қарап, болашағына үміт артатындықтарын жаппай қолдауынан-ақ байқауға болады.

Біздің айтарымыз ауылдықтарға арналған бағдарламаны жаппай қолдап, ауылдың аманатын арқалап, аманатқа қиянат жасамай, ертеңіне сеніммен қадам басудың кепілі ете білейік.

Бақыт ИМАШЕВ