Бүлдіршіндерді қуантқан көрме
Күні кеше аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова №1 Бадамша орта мектеп-интернатының бүлдіршіндеріне «Ұлттық киім – ұлттың көркі» тақырыбында көрме өткізді.
Көрмені өткізудегі басты мақсаты — тарихи-мәдени мұрамыз ұлттық киімдер туралы толық мағлұмат бере отырып, қазақтың салт-дәстүріндегі ұлттық өнегені оқушылар бойына дарыту, ұлттық мәдениетімізге деген сүйіспеншілік сезімін оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Ұлттық болмысымызды айқындайтын қазақы нақышқа толы көрмені музей қызметкері ұлттық бұйымдар мен ұлттық киім-кешектерді көрсетіп, қолдарына ұстатып оқушыларға әсерлі етіп түсіндіріп берді. Бүлдіршіндер қызығушылықпен тыңдап, Қымбат Сабыржанқызына ризашылықтарын білдірді.
— №1 Бадамша орта мектеп-интернатының бүлдіршіндеріне көрме өткізу өте әсерлі болды. Мені қуантқан сәттердің бірі аталмыш іс-шарада Кира есімді бүлдіршін өз қолымен жасаған туындысын маған сыйлық ретінде тарту еткені. Сонымен қатар, көрме барысында интернаттағы бүлдіршіндер демалыс кезінде өздерінің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қолдан жасаған әртүрлі ұлттық нақышта жасаған бұйымдарын да көрсетіп, жасалу жолдарын түсіндірді. Балалардың барлығы дерлік өте қабілетті. Олар көптеген облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Осы сәтті пайдалана отырып, осындай балаларды тәрбиелеудегі еңбегі үшін Наталья Сергеевнаға ризашылығымды білдіргім келеді,-деген лебізін білдірді Қымбат Сабыржанқызы.
Жұлдыз КЕНЖЕ.