Өнерлі өрендер облыс сахнасында

Өткен аптада Ақтөбе қаласындағы Геолог мәдениет үйінде «Ақтөбе-Дарын» ӨҒТҚББО қолдауымен, «Ahash» медия орталығының  жетекшілігімен «Шуақ пен Шабыт 2025» атты Республикалық көпжанрлы шығармашылық байқау өтті.

         Біздің ауданымыздың өнерлі бүлдіршіндері аталмыш байқауға қатысып, үздіктер қатарынан көрінді.

Атап айтар болсақ, байқауға 100-ден астам бала қатысып, 8 жанр бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Бұл — жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттырып, талантын ұштаған тамаша орта болды.

Аудандық балалар өнер мектебі ЮНЕСКО клубының 8-10 жас аралығындағы «Өркен» домбырашылар ансамбілінің жас күйшілері аудан мерейін асқақтатып, Бас жүлдемен оралды.

Ал домбыраның әсем үнін жеке дара әуелеткен Икрам Танабергенов екінші орын иеленсе, көркемсөз оқу жанры бойынша Асан Аңсаған Бас жүлдені жеңіп алды.

Бұл республикалық деңгейдегі байқау бүлдіршіндерді қанаттандырып, өнер баспалдағына жол ашып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ұлттық өнерге деген құлшыныстарын арттырудың бастамасы деуге болады.

Аудандағы бүлдіршіндердің биіктен көрінуіне, ауданға танымал көпсалалы өнер майталманы, бүлдіршіндерді буыны қатпастан өнерге баулып жүрген ұстаз Бағдат Қалағановтың еңбегі зор. Сондықтан ауданның жас өнерпаздарына да сенім мол.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерБайқау