Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат  

Ақтөбе облысының батысындағы көрікті өңірлердің бірі – біздің ауданымыз. Тарих пен мәдениеттің сарқылмас қайнар көзіне айналған бұл өлке – елдік рух пен ұлттық құндылықтардың ұясы. Өңірдің әрбір ауылы мен тасында ата-бабамыздың ізі, шежіресі, өрелі өнері мен өнегесі жатыр.

         Осы бай мұраны дәріптеу және жас ұрпаққа насихаттау мақсатында аудан орталығындағы тарихи-өлкетану музейінде ұлттық өнер мен дәстүрді ұлықтауға арналған шеберлік сағаты ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – ұлттық қолөнерді насихаттау, жас буынды ата-баба мұрасына құрметпен қарауға баулу және көненің көзіндей жәдігерлердің мән-маңызын ұғындыру.

Шеберлік сабағына құрақ көрпе тігудің майталманы Сабиля Қопаева мен көне бұйымдарды жинап, сақтау ісіне өмірін арнаған Хыдыр Дәулетбай қатысты.

   Шара барысында Сабиля Қопаева ұлттық қолөнердің озық үлгілерін таныстырып, құрақ құрау өнерінің қыр-сырымен бөлісті. Оның айтуынша, әрбір құрақ – тарих пен өмірдің, ел мен жердің шежіресін бейнелейді.

Ал Хыдыр Дәулетбай қатысушыларды өз қолындағы көненің көзі іспетті бұйымдармен таныстырып, олардың шығу тарихы мен рухани мәні жөнінде әсерлі әңгіме өрбітті. Ол жинаған жәдігерлер – халқымыздың өткен өмірінен сыр шертетін баға жетпес мұралар.

Осылайша шеберлік сағатына қатысушылар ұлттық өнерге тән қолөнер бұйымдарын тамашалап, шеберлердің тәжірибесінен үйрену мүмкіндігіне ие болды. Шараға қатысқан астаналық қонақтар да ұлттық дәстүрді сақтау мен ұрпаққа аманат ету ісіне жоғары баға берді.

Ұйымдастырушы аудандық тарихи-өлкетану музейі ұлттық мұралар мен өнерді насихаттау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осындай игі бастамалар өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сана мен рухани құндылықтарды қалыптастыруға зор үлес қосуда.

Жұлдыз КЕНЖЕ